Қарағандыда «Наурыз» көрмесі ашылды
Осыдан 1 ғасыр бұрын жасалған саптыаяқты, келі мен келсапты көргіңіз келсе, Қарағандыдағы бейнелеу өнері мұражайына барыңыз. Мұнда Наурыз мейрамына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жұртшылық назарына 100-ден астам жәдігер қойылған. Киізден жасалған, ағаштан ойылған, қыштан құйылған заттардың сан түрін кездестіруге болады. Музей мамандары түскиіз, сырмақ, текемет, алаша, бесік, ер-тұрман, жүкаяқ, сандық секілді ұлттық дүниелерімізді жұртқа жақынырақ таныстырып, тарихын баяндады. Бұл жәдігерлердің барлығын олар экспедиция кезінде ел арасынан тірнектеп жинаған. Тұрғындар көрмені тамашалап қана қоймай киіз үйдегі дәмнен ауыз тиіп, ән шырқады, би биледі. Сондай-ақ құрақ көрпе тігуден шеберлік сабағына қатысты.
Мейрамгүл Елубаева, Бейнелеу өнері музейінің бөлім басшысы:
- Мына жерде тұрған сырмақты Шет ауданының Талды ауылында тұратын Күпән апамыздан алдық. Содан кейін бізде 100 жылдық тарихы бар саптыаяқ бар, киіз үйдің ішінде тұр. Оны Ақтоғай ауданының музейі бізге сыйға тартты. Өкінішке қарай, жасаған шебері белгісіз. Келі мен келсап бар, Шет ауданындағы атамыздың қолынан алдық. Экспедицияға шыққан кезде ауыл-ауылды аралап, солай жинаймыз.