Астанада Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық кеші өтті
«Ән жырым саған – туған ел». Астанада осындай атаумен Қазақстанның Халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өнер иесінің 75 жылдық мерейтойына орай өткен концертке әншінің үзеңгілестерімен қатар шәкірттері қатысып, өнер көрсетті. Алтынбек Қоразбаев бұл күнде халыққа көптеген ән мен күйдің авторы ретінде танымал. Қасиетті қара домбыраны жанына серік етіп, қоңыр үнімен қазақ өнерін алға сүйреген әнші-композитордың әуендерін ел сүйіп тыңдайды. Туған даласын әнге бөлеп келе жатқан өнер иесі – бірнеше шәкірт тәрбиелеген ұстаз.
Осы кеште эстрада әншілері Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Кенен атамды», «Үшқоңыр», «Әгугай, домбыра», «Сағындым Алматымды», «Ақмоншақты ауылым» атты әндерін нақышына келтіре орындады.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның Халық әртісі:
- Енді біз мәңгілік ұстанымым, түгел ән жырымды туған жер үшін арнаймын. Концерттегі орындалатын ән-жырлар менің осы 50-60 жылдан бер жиып-терген ел-жұрт үшін Отан туралы, ел туралы, ғашықтық туралы әндерім, оны тамашалай аласыздар.