Қазақстандық пианист халықаралық байқауда бас жүлде иеленді
Қазақстандық пианист Бекзат Рақымов Владимир Крайнев атындағы Мәскеу Халықаралық пианистер байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Бәйгеде әлемнің әр түкпірінен келген жас өнерпаздардың басын қосқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Владимир Крайнев атындағы Мәскеу Халықаралық пианистер байқауына Ресей, Қытай, Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея, Румыния және ТМД мемлекеттерінің өнерпаздары қатысты. 150 пианистен оқ бойы оза шыққан 25-і финалға жолдама алды. Ал қазылар алқасы бәйгеде бақ сынаушыларды жіберген туындыларының бейнежазбалары негізінде таңдады.
Бекзат Рақымов, пианист:
- Қыркүйектен бастап осы байқауға дайындалдым. Өзімнің апайыма Дарья Владмировна Рысинаға алғысым шексіз. Уақытты бос өткізбей, тиянақты дайындалдық. Қазылар алқасының қатарында өте танымал пианистер болды. Александр Романовский, Борис Березовский, Татьяна Зельдман сияқты профессорлар баға берді.
Бекзат Рақымов – Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің түлегі, қазір Гнесиндер атындағы Ресей академиясында тәлімгер. 20 жастағы пианист «Астана-Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жеке концертін беріп, Милан мен Мәскеудің әйгілі залдарында өнер көрсеткен.
Александр Романовский, байқаудың көркемдік жетекшісі:
- Бекзат Рақымов басқа байқауларда өнер көрсеткенін білеміз. Өтініш бергенге дейін оның есімі бізге мәлім еді. Бірақ бұл жерде біз оның терең музыкалық көзқарасына риза болдық. Қазылар алқасы бірауыздан жеңісті Бекзатқа берді.
Бұл байқаудың басты міндеті – дарынды жастар арасында байланыс орнату, - дейді ұйымдастырушылар. Екінші бас жүлде Дондағы Ростовтан келген пианист Михаил Канға берілді. Байқау тарихында алғаш рет қазылар алқасы бас жүлдені 2 қатысушы арасында бөлу туралы шешім қабылдады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.