Еуропада «Тұран» тобының 15 жылдығына арналған гастрольдер басталды
Еуропада Қазақстандағы ең үздік фольклорлық ұжымдардың бірі "Тұран" тобының 15 жылдығына арналған "Қазақконцерт" әртістерінің гастрольдері басталды.
Алғашқы концерт Париждегі тарихи залда өтті. Қазақ өнерпаздарының сапары туралы тілшіміз айтып берсін.
Париж көрермені үшін мұндай концерт үлкен тарту. Бұл жерде қазақ өнерпаздарын жақсы бағалайды. Сондықтан олардың концертіне деген ықылас та ерекше. "Тұранның" осы жолғы гастроліне Еуропаның үздік теноры атанған Медет Чотабаев пен Шанхай консерваториясының магистранты Талғар Толқынұлы аттанды.
Талғар Толқынұлы, виолончельші:
- Халық бізді жылы қабылдады. Залдың энергетикасын өзіміз де сезіндік. Бүгін ерекше күн. Осы гастрольдерге байланысты "Тұран" тобымен алғаш рет бір жобада өнер көрсеттім.
Өнерсүйер қауымға көпжанрлы бағдарлама ұсынылды. "Ортеке" мен "Қара жорғадан" бастап рояль мен қобыздың, виолончель мен домбыраның үні үндескен заманауи қазақ музыкасы әуеледі. Ақтоты Райымқұлованың шығармалары алғаш рет орындалды.
Ақтоты Райымқұлова, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының директоры:
- Бағдарламамызды Bridge of times деп атадық. Әртүрлі халық әндері, бүгінгі музыка шырқалды. Осылайша өткен ғасырдан бүгінгі заманға көпір жасалды. Музыка, өнер, достық көпірі.
Еуропалық залдардың стандартына негізделген 1 жарым сағаттық концерт тартымды өткені сонша, көрермендер бірнеше қайтара қол соқты. Оларды халық жібергісі келмеді.
БЛИЦ
- Сөз жоқ, керемет концерт. Осы музыканың арқасында Орталық Азияның кең сахарасында жүргендей күйде болдым.
- "Тұран" тобын әлеуметтік желіде үнемі бақылап отырамын. Өзім - түрікпін. Орталық Азияны ерекше құрметтеймін. Біз Қазақстанмен, Қырғызстанмен бауырлас халықпыз. Осында келмей тұра алмадым.
"Қазақконцерт" ұжымы Парижден кейін Лион мен Бельфорда өнер көрсетеді. Оған біздің елшілік қолдау көрсетіп отыр. Сосын өнер сапары әрі қарай Швейцария, Бельгия, Словения, Хорватия, Австрия және Венгрияда жалғасын табады.
Әлия Сыздықова