Өзбекстанда Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтті
Өзбекстанның Ұлттық кітапханасы детектив жанрының шебері Кемел Тоқаевтың шығармаларымен толықты.
Ташкентте жазушының 100 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Іс-шараға еліміздің ұлттық кітапханасы ұйытқы болған. Құнды мұра көрмесі де ұйымдастырылды.
Жазушы Кемел Тоқаевтың ғұмыржолы аумалы-төкпелі кезеңмен тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған шақта майдан шебінен табылды. Кейін бейбітшілік орнаған соң руханият әлемінде өшпес із қалдырды. Қайраткердің еңбегі тұтас түркі жұртына ортақ мұраға айналып отыр. Әсіресе детектив жанрында жазылған шығармалары болашақ ұрпақ үшін құнды. Отансүйгіштік рухты оятып, елге деген құрметті арттырады.
Бақытжамал Оспанова ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:
- Кемел Тоқаевтың отбасы ұжымдастыру кезеңінде жат жерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Аштықтан аман қалу жолында түрлі қиындықты бастан кешті. Қарындасы мен анасы қайғылы жағдайда көз жұмды. Бауыры екеуі жетім жүріп, ер жетті. Сөйте тұра соғысқа аттанып, қайта оралған соң ел мен жерге еңбек етті.
Қазақстанның ұлттық кітапханасы мерейтойға арнайы көрме ұйымдастырды. Мұндай шара Өзбекстанда ғана емес, Қырғызстан мен Ресейде де өткен. Тұтас түркі өркениетінің даму жылында жазушының бай мұрасы кең тыныс алмақ. «Жұлдызды жорықтан» бастап, «Соңғы соққы», «Түнде атылған оқ», «Сарбағанда болған оқиға» атты еңбектері оқырман қауымның детектив жанрына қызығушылығын туғызды.
Бақытқали Айжігітов, зерттеуші, кемелтанушы:
- Ағамыздың жазған еңбектерінде ең бірінші Отанды сүю, жерді, елді сүю, жемқорлықпен күресу тақырыптарында жазылған. Ол кісі тек шындықты жазған. Менің мақсатым қайда болса да қай жерде болса да елін, жерін сүйетін патриоттарды тәрбиелеп, ол кісінің шығармашылығын таныстыру.
Равшан Назаров саясаттанушы, тарихшы:
- Кемел Тоқаевтың 100 жылдығын атап өту шарасы Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени байланыстарын нығайтады. Осындай бағыттағы шара енді Қазақстанда өтетін болды. Мен өзбекстандық жас оқырмандарды детектив жазушының еңбектерімен кеңірек танысуға, классикалық туындыларды көбірек оқуға шақырамын.
Жиында ақындар арнау айтып, зерттеушілер тың баяндама жасады. Қазақ пен өзбектің рухани тамырластығы нығая түсті.
Рауан Мыңбаев