Астанада Гейдар Әлиевтің музей-аудиториясы ашылды

Астанада Әзербайжанның мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің музей-аудиториясы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда көрнекті тұлғаның қолжазбалары, оның мемлекеттік қызметі туралы кітаптар, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы еңбектер қойылған. Сонымен қатар көрменің экспозициясын еліміздегі Әзірбайжан Елшілігі ұсынған фотосуреттер толықтырып тұр.

Гейдар Әлиев – әлемге танымал саясаткер. Оның қажырлы өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі Әзірбайжан тарихында маңызды орын алады. Гейдар Әлиевтің өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдырған еңбектері де аз емес.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, ЕҰУ профессоры:

- Заманауи Әзербайжанның ірі саяси тұлғаларының бірін ескерсек, әрине, Гейдар Әлиевтің мынау сәтті қарым-қатынастарға, яғни қазақ-әзірбайжан, қатынастарда оның ықпалы өте үлкен. Өздеріңіз жақсы білесіздер, осы кабинетпен бірге қоса біздің Астана қаламызда үлкен әдемі көшелердің бірі Гейдар Әлиевтің атын алып отыр.

Гейдар Әлиевтің ең бірінші алдына қойған міндеті – Әзербайжан халқының, мемлекетінің тәуелсіздігін тұғырлы ету болатын. Ол арманына жетті. Ұлт көсемі тек саясатта ғана емес, сонымен қатар әзірбайжан әдебиетіне де көп еңбек сіңірді.

Амантай Шәріп, ЕҰУ профессоры, филолог:

- Қазақстан мен Әзербайжан арасында көп дәуірлерден бері рухани байланыстар өз жалғасын тауып келе жатыр. Осы күндерде де тәуелсіздік алғаннан бері сол арадағы қарым-қатынас рухани салада, мәдениет саласында, оның ішінеде мына ғылым саласында жан-жақты өрісін кеңейтіп отыр. Өз басым сол әзірбайжан әдебиетін зерттеумен шұғылданып келе жатырмын. Сонда көзіміздің жеткені бұлардың ұлттық лидері Гейдар Әлиевтің сіңірген еңбегінің ұшан теңіз екендігіне айқын көзіміз жетті.

Қайраткер тұлғаның жүріп өткен жолы әрбір жасампаз әрекеті бүгінде зайырлы мемлекетке айналған әзірбайжан халқының тәуелсіздігін нығайтуға қызмет етті. Ал Гейдар Әлиевтің музей-аудиториясы Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінің ұзақ жылғы іргесі үзілмеген берік достығының айғағындай.

Авторлары: Ерлан Шаншархан, Марат Диханбаев.