«Гүлдер» ансамблі Көкшетауға гастрольмен барды
Қайта гүлдеген «Гүлдер» ансамблі өзінің гастрольдік сапарын Көкшетау қаласынан бастады.
Белгілі өнер ұжымы халыққа мың бұралған би мен әсем әннен шашу шашты. Әсіресе ансамбльдің ән қоржынындағы ескі, есті әндерді халық қосыла шырқады. Айталық, жарты ғасырлық тарихы бар би ұжымы осы жылдың басында қайта құрылған еді. Жаңарған өнер ұжымының бұл екінші шығармашылық концерті. Ал ең негізгі кеш мамыр айында Алматы қаласында өтеді деп жоспарлаған. Оған дейін өнер ұжымы Қазақстанның барлық қалаларын аралауға ниетті.
Серік Дәулетов, «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі:
- Осы программамыз біздің алғашқы «гүлдер» ансамблінің алтын қорынан шыққан нөмерлерін қайта жаңғыртып, жаңартып әкелдік. Әрине жаңашылдықта жоқ емес. Жаңа ән мен жаңа би де бар. Жас танымал әншілер де қатарға қосылып жатыр.
Әлия Заманбекова, қала тұрғыны:
- «Гүлдер» ансамблі біздің бала шағымызбен тұспа-тұс келген, сол бала кездегі әндерді еске түсіріп, үлкен мерекелік көңіл күй сыйлады. Ең алғаш 1969 жылы концертін берген екен. Біз бала кезімізден сол концертті көріп өстік ғой.