Алматыда жүзден астам аудиотехника жинақталған көрме өтіп жатыр

Алматы тұрғыны Андрей Клименко көп жылдан бері аудиотехника жинаумен әуестенеді.

Қазір шағын мұражайында 120-дан астам жәдігер бар. 1959 жылдан бастап 1993 жылға дейін шыққан магнитофондарды Андрейдің мұражайынан таба аласыз. Кейбірінің салмағы 20 келі тартады. Бір кездері жалынды жастардың қолынан түспеген «Романтик» магнитофонынан бастап, «Юпитер», «Идель» және «Комета» да мұражайдан орын тапқан. Клименко барлық аудио-техникаға аса ұқыптылықпен қараған. Көнерген техниканың кейбірі әлі істеп тұр. Келушілерді жан-жақты таныстыру үшін кейбір экспонат бөлшектенген күйінде қойылыпты.

Андрей Клименко, коллекционер:

- Мұндағы техниканың барлығы ескі болғандықтан профилактикалық жұмыстар қажет. Қазіргі жастар оның неден және қалай жасалғанын түсіне бермейді. Сондықтан біз «Ыстықкөл-101» магнитофонын көрсететін экспонат жасадық. Мұның ішкі құрылымдары өте күрделі. Ол жерде тек MP3 ойнатқышы ғана емес, сонымен қатар көптеген қиын элементтері бар.