ЕХРО-да Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды
19 сәуірде таңнан кітапқұмар жұрт ЕХРО-ға ағылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұнда Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ашылды. Биылғы іс-шара «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» деген Хакім Абайдың мұрасын насихаттауға арналды. Биыл отандық баспалардан бөлек, Түркия, Өзбекстан, Ресей және Қытайдан, 70-ке жуық компания өтініш білдірді. 5 күнде 50 мыңнан астам адам келеді деген болжам бар.
Көрме аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауының жеңімпазы анықталады. Үміткерлер «Үздік оқу құралы», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап», «Үздік өлкетану басылымы», «Мәдениет және өнер», «Ғылым және инновация» номинацияларын сарапқа салады. Сондай-ақ Абай облысының делегециясы құрметті қонақ ретінде шақырылды. Облыс қаламгерлерінің жинақтарының тұсауы кесіліп, әншілер әннен шашу шашады.
Қанат Бейсенғазин, «Фолиант» баспасы көркем әдебиет бөлімінің аға редакторы:
- Шын мәнінде, бұл оқырмандар үшін керемет кітап мерекесі болып жатыр. Себебі кез келген оқырман өзінің талғамына сай кез келген кітапты таба алады. Бұдан бөлек, осы 5 күннің ішінде түрлі іс-шаралар жүзеге асырылады, жаңа кітаптардың тұсаукесері болады. Одан бөлек, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар, түрлі конкурстар мен бағалы сыйлықтардың ұтыстары болады. Одан бөлек, кішкентай балалар да назардан тыс қалып отырған жоқ.