Теміртауда Бүкіләлемдік жер күніне орай көрме ұйымдастырылды

Көрмеге металлургтердің балалары әзірлеген 300-ге тарта жәдігер қойылған.

Жас суретшілер жер ананың қадірін ерте түсінгендей. Шығармаларынан ізгілік лебі еседі. Мұнда бас-аяғы 300-ге тарта туынды қойылған. "АрселорМиттал Теміртау" балалар мен жасөспірімдер орталығының шәкірттері көрерменге ерекше тарту жасап қоймай, терең ойға бойлатты. 

Сергей Голубцов, "АрселорМиттал Теміртау" өндіріс бойынша директорының міндетін атқарушы:

- Бұл туындыларға қарап, көзім тойды. Мұндағы атмосфераның өзі бөлек. Шынымды айтсам, осы көрмеде жүріп-ақ екі апталық демалысқа барып келгендей әсерде болдым. Балалардың өнері бізге кәдімгідей шабыт берді. Көрме әлі де жалғасады ғой. Үлкендер көбірек келіп, бағасын берсе екен деймін. Балақайлар мен шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.  "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы өскелең ұрпақтың шығармашылығын ұдайы қолдай береді.

Жас суретшілердің қиялында шек жоқ. Пейзаж, түрлі жануарлар мен құстарды бейнелеп, табиғаттың адам үшін маңызын әспеттеген. Бұл үшін мультиэкспозиялық тетіктерді де пайдаланыпты.

Виктор Щетинин, «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы:

- Балалардың шығармалары менің көңілімнен шықты. Бұл жыл сайын өтетін шара болған соң, бірінші рет тамашалап тұрмын деп айта алмаймын. Әр келгенімде жас суретшілердің деңгейі артып келе жатқанына куә болам. Осы үшін ұстаздарға алғыс айтамын. Ата-ана, ата-әжелер, сіздердің де еңбектеріңіз ерен.

Бұл 30 жылдық тарихы бар шығармашылық орталықтың 19-қайырымдылық көрмесі. Оған 114 бала өз туындыларын қойған. Табиғатты аялауға шақыратын шара 12 мамырға дейін жалғасады.

Мерей Мұратханқызы