«Үш мушкетер: Д'Артаньян» фильмі Қазақстанда прокатқа шықты
Кино өнеріндегі жаңалық.
«Үш мушкетер: Д'артаньян» деп аталатын француз киносы отандық прокатқа шықты. Фильмнің тұсаукесері Алматыда өтті. Осыған орай Asanafilm дистрибьюторлық компаниясы Kinopark 11 IMAX Esentai-да жабық көрсетілімін ұйымдастырды. Шараға Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Француз Альянсы қолдау көрсетті.
Кинокартина 1844 жылы жарық көрген Александр Дюманың «Үш мушкетер» романының желісінде түсірілген. Бұл әлемдегі ең көп экрандалған әдеби шығармалардың бірі. Дегенмен, осы жолы француз режиссері Мартин Бурбулон өзге қырынан көрсеткісі келді. Ондағы шытырман оқиға тереңдей түседі. Сондай-ақ, жаңа кейіпкер қара мушкетер Ганнибалды кездестіреді. Ол өмірде болған Луи Анниабаның өміріне негізделген.
Фабрис Невё, Францияның Құрметті консулы:
- Фильм қазақстандық көрермендердің көңілінен шығады деп ойлаймын. Кинокартинада тарихпен қоса Франция мәдениеті, дәстүрі әдемі өрілген. Еліміздің ең әдемі көрнекі орындарында түсірілді. Ия, Үш мушкетер туралы туындылар бар. Бірақ бұл киноның өзінің көрермендері болатыны сөзсіз. Осының бәрі екі ел арасындағы мәдени байланыстың нәтижесі.
Картинада басты рольдерді Венсан Кассель, Ева Грин және Франсуа Савиль сияқты актерлер ойнайды. Тұсаукесерге 1979 жылы түсірілген фильмде Атосты ойнаған Вениамин Смеховтың немересі арнайы келген.
Леонид Смехов, актер Вениамин Смеховтың немересі:
- Мен үшін бұл фильмнің жөні бөлек. Вениамин Смехов менің атам. Ол кезден бері 40 жылдан астам уақыт өтіп кетті. Енді сол кейіпкерді Венсан Кассельдің қалай сомдап шыққанын сараптап салыстыратын болам. Әрине, мұндай тарихи кинолар өте қажет. Қай елдің болмасын тарихын білген сйын ой өрісің де өсе түседі.
Фильмді түсіруге 78 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған. Бұл әзірге Франциядағы жылдың ең қымбат кино саналып отыр.
Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев