Ақтөбе облысында бір мезгілде 6 мыңнан астам домбырашы күй күмбірлетті
Ақтөбе облысында 6 мыңнан астам жас домыбрашы бір мезіглде ұлттық өнердің алтын қорына айналған туындыларды орындады.
Соңғы жылдары қазақтың қасиетті аспабына өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы артқан. Оған өңірдегі білім ордаларында домбыра сағатын енгізу сеп болған.
Өнер орталығының алдындағы өнерлі өрендердің барлығы өңірдегі музыка мектептерінде білім алады. Жеткіншектерден құралған бұл оркестр алғаш рет көрермен алдына шығып отыр. Соған қарамастан көпшіліктің көзайымына айналды. Ұлттық аспапты еркін меңгергендер арасында өзге ұлт өкілдері жиі кездеседі. Мұны бүгінгі шарадан ақ байқауға болады.
Семен Куленин, оқушы:
- Домбыра тартып жүргеніме 9 жыл болды. Бала күнімен бұл аспапқа қызықтым. Теледидардан түрлі концерт, айтыста көріп жүрдім. Ата-анам қолдап, балалар шығармашылық үйіндегі үйірмеге апарды. Сол жерден көптеген күй үйрендім.
Ахмет Жұбановтың «Би» күйі мен Құрманғазының «Балбырауыны», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы» бүгін өңірдегі барлық аудан мен ауылда күмбірледі. Облыс орталығындағы орталық алаңдарды қосқанда 6 мыңнан астам бала қатысты. Мерекелік шарада домбыраға қызығып, үйренуге ниет еткен өзге ұлт өкілдеріне музыкалық аспап та тарту етілді. Жалпы қазақ халқына мың алғыс монументі маңында түрлі этно-мәдени бірлестік өкілдері көрме де ұйымдастырған.
Разалия Исхакова, қала тұрғыны:
- Бүгінгі осындай керемет ашық аспан астында өтіп жатқан мерекеге келдік қонақ болып. Өте әдемі, керемет концерт болып жатыр. Барлық Қазақстан халқын Бірлік күні мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Достығымыз нығая берсін. Әрқашанда аспанымыз ашық болсын.
Ақтөбеде 90-нан астам өзге ұлт өкілдері тұрады. 16 этно-мәдени бірлестік бар. Олар бұл күнгі мерекелік бағдарламаға әрдайым белсенді атсалысады.
Мансұр Есқожин, Айбек Даутов, Болатбек Молдағалиев