Жетісуда «Бір шаңырақ астында» атауымен іс-шаралар ұйымдастырылды
Жетісу облысында «Бір шаңырақ астында» атауымен тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Кербұлақ ауданында демеушілер есебінен мұқтаж жандарға баспана кілті тарту етілсе, Көксу ауданы ынтымақ пен бірлікті дәріптеген концерт өткізді. Этномәдени орталықтар көрме ұйымдастырды.
Гечумат Алмамедовтың атасы 1937 жылы Әзербайжаннан Жетісуға жер аударылыпты. Сол кезде олардың саны небәрі алпыс шақты адам болған екен. Қазақ халқының қамқорлығының арқасында күштеп көшірілген әрбір отбасы аман қалып, өсіп-өнген әулетке айналды, дейді қария.
Гечумат Алмамедов, аудан тұрғыны:
- Қазақ елі өте көп көмектескен. Өзі де аштықтан шыққан ғой. Соған қарамай бәрібір жәрдем жасап, тамағын қамтамасыз етіп отырған.
Ауданда оншақты этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Мерекеге орай олар салт-дәстүрлерін, тұрмыс тіршілігін, мәдениетін дәріптейтін арнайы көрме ұйымдастырды.
Мәдени шаралар орталық алаңда да өткізілді. Онда көпшілік назарына ел бірлігін насихаттайтын көрсетілім қойылды. Әуелетіп ән шырқалып, мың бұралған бишілер де өз өнерімен тәнті етті.
Қуанышбек Байсеркенов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Алдымен жастарға кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа ұлттар арасындағы достық ынтымақтастық ары қарай сабақтассын, еліміз үшін ұланғайыр пайдасын көрсін деп отырмыз. Негізгі мақсатымыз сол.
Мерекеде балалар үшін үш метрлік пицца әзірленіп, тегін үлестірілді. Сонымен қатар «Сірне» фестивалі ұйымдастырылды. Он ауылдық округтен келген аспаздар ұлттық тағам дайындаудан сынға түсті. Үздіктерін әділ қазылар алқасы анықтады.
Дәурен Тәліпов, әділ қазылар алқасының мүшесі:
- Ең бастысы тағамның ұсыну тәсілі, одан кейін еттің дәмі скл жұмсақтығы. Өздеріңіз білесіздер сірнеге өзге нәрсе қосуға болмайды. Ол өз майында қуырылады. Сондықтан тексере отырып.
Аудан, қалаларда өткен көпшілік мәдени шаралар облыс орталығындағы ауқымды концертпен қорытындыланды. Талдықорғандағы Жастар саябағында эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев