Атыраудағы музейде «Күміс әшекейлі Миялы ханшайымы» таныстырылды
Атырауда музейге келушілерге «Күміс әшекейлі Миялы ханшайымы» таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құнды жәдігер 2020 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған еді.
Бұл – Миялы қорғанынан табылған күміс әшекейлі ханшайымның сұлбасы. Адам қаңқасының анатомиялық қалпы жақсы сақталғандықтан, тіпті бас сүйегіне антропологиялық зерттеу сәтті жасалыпты. Ғалымдар жас шамасы 50-де екенін анықтаған. Ал әшекейлердің Х-ХІ ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекендеген тайпаларға тиесілі екені белгілі болды.
Ерлан Тілекқабылов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы:
- Зерттеу жұмыстары кезінде ең бірінші жылқының бас сүйегі табылды. Жылқының бас сүйегінің үстіңгі жағында жүгенінің әртүрлі әшекей-жапсырмалары, одан кейінгі адам қаңқасы табылғаннан кейін киімінің жапсырма әшекейлері табылды. Зерттеу жұмыстары кезінде әшекейдің 71-ден 78% аралықта күміс екені және тойтарма беті 78-82%-ке дейінгі мыс екені анықталды.
Музей түнінде көрме-залдың бәрі есігін айқара ашып, қонақтарға тарихи жәдігерлерді таныстырды. Тіпті өткен ғасырларда қолданылған сағат, телефон, радио секілді ескі заттар да қойылыпты. Тарихтан сыр шертетін бағалы дүниелерді көруге тіпті аудан тұрғындары да келген.
Назгүл Шатанова, Құрманғазы ауданының тұрғыны:
- Ата-аналарымыздың кезіндегі, өзіміздің 90-жылдар бар, 70-жылдардағы ұсталған құнды магнитофоны бар, үстелүсті сағаттарын көріп жатыр, өзіміздің оқушы кезіміз есімізге түсіп жатыр, көзімізге оттай басылып. Тарихты ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, жеткізе берсе екен деген тілектемін.
Музей түнінде «Жас экскурсоводтар» клубының мүшелеріне марапаттар табысталды. Қыш шеберлері шеберлік сағатын ұйымдастырды. Іс-шара мерекелік концерттікке ұласты.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.