Астанада ерекше форматта мәдени шара өтті
Ерекше форматтағы мәдени шара.
Бүгін Астанада променад үлгісіндегі аудиоқойылымның тұсаукесері өтті. Қала әкімдігінің, креативті индустрияларды дамыту орталығы қолға алған серуен қойылым.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Сырт көзге бұл үнсіз ғана қала көшелерін аралап жүрген туристер тобы сияқты көрінеді. Алайда зер салсаңыз, құлаққап киген бұл жандардың бір мезетте бірдей іс-қимыл жасайтынын байқауға болады. Шын мәнінде бұл жай серуендеушілер емес. Олар арнайы спектакльге қатысушылар. Ия, көрермені емес, қатысушылары. Ал оның сыры мынада.
Құлаққаптағы сазды әуен және мазмұндаушының жағымды үні. Жексенбінің таңында жиылған бұл жұрт Астананың тарихы туралы аудиоқойылым тыңдап келе жатыр. «Үлкен қаладағы армандар» атты интерактивті спектакль түрлі тапсырма, флэшмоб, театр және экскурсия элементтерін қамтыған.
– Идемте дальше. Вы идете по моим улицам. Вроде бы обычные горожане, или мои гости. Но вы отличаетесь от простых прохожих.
Ару қала Астана болып үн қатқан дауыс, қатысушыларға түрлі нұсқаулық береді. Кейде көне ғимараттың қасына тоқтатып, тарихын әңгімелейді. Көшедегі сәулет нысандарына мән беріп, музыка ырғағымен билетеді. Жолда кездескен ескерткіш туралы сыр шертеді. Тәлімді тақырыпта ой қозғайды.
- Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле.
1,5 сағатқа ұласатын аудиоқойылымның ерекшелігі де сол. Көрерменді бір залға жинамай, көше бойын серуендетіп, шаһардың тылсым тұсына үңілтеді.
Ақдидар Әбдібек, ұйымдастырушы:
- Мысалы, күнделікті өмірде біз просто жай ғана өтіп кетеміз тез-тез. Ал мына көшенің жай ғаан бір-екі үйін алып қарасаңыз тұнып тұрған история дейді ғой, шынымен де тарих. Сондықтан ла бұл өте қызықты болады. Енді ойлаймын, бұл форматты сезінген жандар енді түсінеді деп ойлаймын.
Мұндай променад-спектакльдер Еуропа және Ресейдің ірі қалаларында тұрақты түрде өткізіледі. Ерекше форматтағы іс-шараны қала әкімдігінің "Креативті индустрияларды дамыту орталығы" биыл тұңғыш рет қолға алған. Келесі демалыс күндері қазақ тіліндегі аудиоспектакльдің тұсаукесері өтеді. Ересектер үшін 5 мың, балалар үшін 900 теңгеден онлайн платформалардан билет сатып алуға мүмкіндік бар.
Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев