Режиссер Орынкүл Бұрханова саналы ғұмырын сахнаға арнаған
Сахналық қойылымның көрерменге ерекше әсер сыйлайтыны рас.
Бір қарағанда ән салып, би билеу оңай сияқты. Алайда сахна сыртындағы еңбек көзге көріне бермейді. Әсіресе режиссердің орны бөлек. Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының қызметкері - Орынкүл Бұрханова саналы ғұмырын сахнаға арнады.
Бес оқу орнын тәмәмдаған режиссер. Иә, дәл солай. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының қызметкері Орынкүл Бұрханова сүйікті мамандығының майталманына айналу үшін көп ізденіпті. Ол Қызылорда педагогикалық училищесі, Шымкенттегі мәдениет институты, Қарағанды экономика университеті, Мәскеудің мәдениет және өнер қызметкерлерін қайта даярлау академиясы және Ресей университетінде режиссерлық мамандықты меңгерген. Еңбек жолын ауылдық клубтың жетекшісі қызметінен бастап мәдениет саласында 30 жылдан бері тер төгіп келеді. Оның 25 жылын ірі мәдени көпшілік шаралардың сценарийін түзіп, режиссерлық етуге арнады.
Орынкүл Бұрханова, мәдениет саласының үздігі:
- Кейде тамақ та ішпей, сол бір идея шыққанша, сценарий жазғанда эмоциональный камертон дейді, соны тапқанша түнімен тынымсыз тірлік кешемін. Енді ол өзіме ғана аян. Былай қарағанда көрермендер керемет концерт өтті, иә, жақсы болды деп кетеді. Ал оның артында қанша жұмыс бар, сахнаның артындағы жұмыс өте жауапкершілікті талап етеді.
Орынкүл Бұрханова өз ісіне адал әрі асқан жауапкершілікпен қарайтын маман. Оны әріптестері осылай деп суреттейді. Сыр елінде өткен халықаралық фестивальдың ашылу салтанатын естен кетпестей етіп өткізгені әлі күнге көз алдымызда,-дейді белгілі компазитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов.
Рамазан Тайманов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Сол фестивальді алып шығудың өзіне де көп білім керек. Көп ізденіс керек. Ізденістің арқасында Орынкүл біраз табыстарға жетіп жүр. Қандай бір іс-шара болмасын, Орынкүл сол іс-шараға бір ай, екі ай бұрын дайындалады. Сол туралы мағлұматтар жинайды.
Мәдениет саласының үздігі биыл 60 жасқа толады. Зейнет шағым таяп қалды. Сондықтан әдістемелік кітап жазып қалдыруды жөн санадым, дейді.
Орынкүл Бұрханова, мәдениет саласының үздігі:
- Жұмыс үстелінің үстінде тұрса, қарап, қалай өткізу керек, сценарий деген не, бәрі тұр. Режиссерлық сценарий деген не, сценарлық жоспар деген не, репитиция қандай болады, бірінші репитицияға кімдерді шақырасың, бірден массамен жұмыс істемейсің, соның бәрін жазылған осы арада.
Еңбекқор жанның есемі халықаралық энциклопедияға да енген. Мәдениет саласының үздігі атағы бар. Мемлекеттік «Шапағат» медалінің иегері. Ал мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні қарсаңында Орынкүл Бұрхановаға облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табысталды.
Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамед Байділдаев