«Оразай» тарихи дастаны жарық көрді
Алматыдағы Ұлттық кітапханада Сағатбек Медеубекұлының «Оразай» атты тарихи дастанының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Іс-шараға ақын-жазушылар мен тарихшылар және Оразай бидің немерелері мен шөберелері қатысты. Автор өзінің шығармасында заманында әділ би атанған, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі, ел мен жер азаттығы үшін өмірінің соңына дейін күрескен Оразай би Қожагелдіұлының бастан кешкен оқиғаларын ұлт тарихымен үйлестіре отырып, өлеңмен өріп шыққан. Тарихи дастанда Көтеріліске қатысты қалтарыста қалған ақиқаттар көркем сөзбен суреттеліп, кеңестік дәуірдегі әлеуметтік және саяси жүйе шындықтары қамтылған. Бұл ұзақ уақыт бойы ішкі дайындықтан туған туынды, - дейді шығарма авторы.
Сағатбек Медеубекұлы, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым, ұстаз:
- Бұл өзінің ел аузынан, ақсақалдардың, соны көзін көрген адамдардың аузынан ғана айтылған әңгімелер емес, бұл солардың айтылған әңгімелерінің тарихи құжатпен дәлелді, дәйекті айғақпен бірге үлестірілген шығарма болды. Оразай секілді тұлғалардың да болмысын айқындау керек болды, ұмытылмау керек болды, елге ұрпаққа өнеге мақсатында сол Оразай арқылы қазақтың арғы-бергі тарихымен, бүгінгі Қаңтар оқиғасымен аяқталады.