Қызылордада тұңғыш симфониялық оркестр құрылды
Енді ішекті, үрмелі және соқпалы музыкалық аспаптарда ойнайтын 50 адамнан тұратын өнер ұжымы академия, эстрада әншілерін халықаралық сахналарда сүйемелдей алады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әлем классиктерінің шығармаларын еркін орындайтын өнерпаздар шетелдік байқауларға да тұрақты қатысады. Оркестр құрамын әлі де толықтыру үшін еліміздегі консерватория бітіруші түлектерге шақыртулар жіберіліп жатыр. Труппаны жасақтау және валторна, литавра, фагот секілді инструменттермен қамтуға облыстық қазынадан 116 млн теңге бөлінді. Ұжымның алғашқы концерті шілде айында өтеді деп жоспарланған. Қазір өңірде халық аспаптық, камералық және симфониялық оркестрлерге лайықталған мың орындық өнер орталығының құрылысы басталды.
Талғат Мақашов, облыстық филармонияның директоры:
- 50 жылдық тарихымыздағы болып жатқан ауыз толтырып айтатын үлкен жаңалық. Себебі мұндай симфониялық оркестр барлық облыста дерлік бар деп айта алмаймын. Санаулы ғана өңірде бар. Тағы да айта кететін жағдай, «Тұрмағамбет» оркестріне, «Ақмешіт» фольклорлы ансамбліне, «Томирис» би ансамбліне ұлттық сахналық киімдер тігілуге бюджеттен қаржы қаралды. Сонымен қатар 10 жыл көлемінде аспабтар жаңартпағанбыз. Музыкалық аспабтар алуға қаржы қаралды.