Мәдениет саласы өкілдерінің жалақысы өседі
2029 жылға дейін кинотеатрларда көрсетілетін отандық фильмнің үлесі 35 пайызға жетеді.
Қазір 10-12 процент. Қалғаны шетелдің киносы. Тағы бір жаңалық – жылына әлемдік деңгейдегі 15 фильмді қазақ тіліне аудару көзделіп отыр. Мұны Берік Уәлимен «Бетпе-бет» бағдарламасында мәдениет және спорт министрі айтты. Асхат Оралов мәдениет саласындағы жұмыс тұжырымдамасы өзгереді деді. Мәселен елдегі 271 мұражайда 2 миллион 600 мың жәдігер сақтаулы. Соның дені шетелдерге шығарылып, таныстырылады. Париждегі Лувр музейінде 2026 жылы қазақ мәдениетінің тарихы жайында көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бағдарлама барысында министр жалақы мәселесіне де тоқталды.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Өзіміздің министрлікке қарасты 20 мың қызметкер бар. Солардың жалақысы биылдан бастап 23 пайызға өсті. Ел көлемінде, ауданға дейін жалақы өсті. Тікелей тапсырмасы бар Қасым-Жомарт Кемелұлының. Енді осы 3-4 жылдың ішінде жалпы мәдениет, өнер саласы қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға өседі.