Американдық кинотанушы Қазақстан киносы туралы кітап жазып жатыр

Американдық кинотанушы, зерттеуші-ғалым Питер Роллберг «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан киносы» деп аталатын кітап жазып жатыр.

Бұл туралы Вашингтонда өткен қазақ киносы кешінде белгілі болды. АҚШ астанасында «Параолимпиадашы» фильмі көрсетіліп, "Советтік Қазақстан 1925-1991 жылғы кино" атты кітаптың таныстырылымы өтті. Халықаралық сарапшылар, шет мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары Қазақстанның өнері мен мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Кино мен әдебиеттің өзара шебер үйлесімін Батыс аудиториясы  жоғары бағалады. Питер Роллберг бүгінгі қазақ киноиндустриясы өте жақсы деңгейге көтеріліп, сапалы туындылар түсіріліп жатқанын айтты. Кітаптың тұсау кесерінен кейін режиссер Алдияр Байракимовтың «Паралимпиадашы» фильмін тамашалаған америкалық көрермендер жоғары бағасын берді.

Ян Ду Плен, көрермен:

- Маған керемет эмоция сыйлаған кино болды. Өйткені мен көрген мыңдаған фильмдердің ішіндегі ең мықты, адамға күш-жігер мен табандылық туралы өте жақсы дәріптелген. Керемет әсер алдым, тезірек достарыммен бөліскім келіп тұр. 

Питер Роллберг, «Советтік Қазақстанның кинематографиясы 1925-1991» кітабының авторы:

- Қазір қазақ қоғамымен шынымен диалог іздейтін фильмдер бар. Бұл диалог қазір пайда болып, жақсы бағытта дамып келеді. Қайда баратынын көрейік. Менің ойымша, болашағы бар тактикалық үрдіс. Кеңестік киноның құрылымы айқынырақ болды. Саясат, идеология және қандай да бір жаңа тенденция бірнеше жыл сайын пайда болатын. Ал қазір неше түрлі құбылысты бастан кешіріп жатқан қазақ киносы туралы жазу қиынырақ.