Таразда қолөнершілердің II халықаралық көрмесі өтіп жатыр
Таразда «Тараз – қолөнершілер қаласы» атауымен II халықаралық көрме өтіп жатыр.
Шарада әлемнің 8 елінен келген қолөнершілер тәжірибе алмасып, шеберлік сағатын өткізуде.
Маңызды шара 3 күнге созылады.
Халықаралық көрме «Көне Тараз» этномәдени орталығында өтіп жатыр. Ауқымды шараға 70-тен аса шетелдік пен 200 ге жуық отандық шебер қатысуда. Көрменің Таразда ұйымдастырылуы бекер емес. Шаһар республика бойынша «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» тізіміне енген жалғыз қала.
Әзиз Мұртазаев, Азия-Тынық мұхиты өңірі дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті:
- Бұл фестивальдің жылдан жылға дамып жатқанын, қатысушылардың артып тауар түрлерінің көбеюінен аңғаруға болады. Әрі көрмеге келген тұрғындар саны да көп. Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген қатысушылар тауарларының көптеп өтіп жатқанын айтуда. Бұл қолөнершіге қосымша стимул беретіні сөзсіз.
Шеберлер теріден, аң сүйектері мен мүйізінен, ағаш пен темірден жасаған бұйымдарын сатылымға шығарды. Олардың арасында сонау Үндістаннан 400 жылдық тарихы бар қолөнер түрін меңгерген қонақтар да бар.
Рагхав Радж Сони, қолөнер шебері /Үндістан/:
- Мен бұл көрмеге алғаш қатысып отырмын. Үндістаннан арнайы келудегі мақсатым, 6 атадан келе жатқан өнерімді көрсету. Сол арқылы өз елімнің мәдениетін таныту. Әрі әр елден келген қолөнершілермен тәжірибе алмасу.
Ал Шымкенттен келген Абдулла Наурызбаев темірді иіп түрлі бұйым жасайды. Ол көрмеде шеберлік сағатын өткізіп, қара металдан өнер туындысы қалай жасалатынын көрсетуде.
Абдулла Наурызбаев, ұста:
- Киіз үйдің ішінде ұстамыз ат әбзелдерін жасап жатыр. Мен соған міне мынау ауыздық, ауыздыққа мынау дайын ауыздық жасап жатырмын. 1100 градуста темір қызиды. Сондай температураға жеткізіп оны иіп, ұрып соғып осылай кейін біткеннен кейін оны суытады. Тәсілі бар суға майға батырасың.
Шара 4 маусымға дейін жалғасады. Көрме аясында жас суретшілер мен қолөнершілер байқаулары өтеді. Сондай-ақ Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлеріне турлар ұйымдастырылады.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә