«Дубай, шіркін арман-ай!» фильмі үлкен экранға шықты
Киноның тұсаукесері Алматыдағы Сарыарқа кинотеатрында өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Романтикалық комедия махаббат пен достықты насихаттайды.
Оған қоса отбасылық құндылық пен адамгершілікті дәріптейді. Кинокартина 2 қалада – Алматы мен Дубайда түсірілді. Фильм бүгінннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастады.
Фильмде оқиға желісі компанияда бірге жұмыс істейтін жастардың арасында өрбиді. Мекеме Дубайдағы филиалына бір қызметкерді жібермек болады. Бірақ шарт бойынша ол адам отбасылы болуы керек. Басты кейіпкер Анель болса қайтсем де Дубайға барам деп армандайды. Сөйтіп, қызықты оқиғаларға тап болады. Оған Арман есімді жігіт көмектеседі.
Дастен Шәкіров, актер:
- Арман Әлиев – ол негізі байдың баласы, бірақ бұл туралы ешкімге айтпайды. Жай қарапайым тур.агенттікте жұмыс жасайды. Ол өмірде өз-өзін тапқысы келеді, әкесінің көмегінсіз.
Фильмде басты рольдерді Әсел Садуақасова мен Дастен Шәкіров ойнайды. Сондай-ақ киноға Рамазан Амантай, Нұргүл Мыңғатова, Бақтияр Қожа сияқты актерлар түсті. Режиссері – Дархан Сәркенов.
Дархан Сәркенов, режиссер:
- Махаббат жолында алдамау, өтірік айтпау сияқты фундаменттік нәрселерді көтереді. Комедиясы да бар.
Tiger Films продюсерлік орталығы мен Air Astana әуе компаниясы бірнеше жылдан бері әріптестік орнатқан. Бұл жолы олар көрермендер арасында ұтыс ойынын ұйымдастырды.
Қарлығаш Өмірбаева, Air Astana әуе компаниясының аға менеджері:
- Киноны көрген барлық көрермен инстаграм бойынша кинопарктің парақшасында ұтыс ойынына қатысады. Келесі айда бір жұпты біз романтикалық саяхатқа жібереміз. Дубайға.
Шытырман оқиғаға толы романтикалық комедия 1 маусымнан бастап үлкен экранға шықты.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев.