Павлодарлықтар қымызмұрындық мерекесіне жиылды

Павлодарлықтар қымызмұрындыққа жиылды.

Ертіс өңірі жыл сайын маусым айының алғашқы күндерінде осы мерекені атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Қымызмұрындықпен бірге «Достық» үйінің жанындағы этномәдени бірлестіктердің «Бір шаңырақ астында» атты жазғы фестивалі шымылдығын түреді.

«Қымызмұрындық» ұмытылып барып  қайта жанданған мереке. Елімізде 1998 жылдан бастап тойлана бастады. Содан бері Павлодар облысы үздіксіз тойлап келеді. Мал өріске шығып, бие құлындап қымыз көбейгенде алыс жақындағы ағайын туыс бірін-бірі қымыздан дәм татуға шақырған екен. Шашу шашылып, мол дастархан жайылып соңы ұлан –асыр тойға ұласқан.

Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық салт-дәстүрлерді, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Әсіресе заманауи үлгідегі ұлттық киімдердің жаңа топтамасы көпшіліктің көңілінен шықты.

Бұл елмен елді, жермен жерді  жақындатқан,  ерекше сипаттағы  мерекеге айналды. Қымызмұрындықты арнайы келіп көруге Қызылорда облысынан бір топ қолөнер шеберлері ниет білдіріпті. 

Алтынай Мырқықызы, Қызылорда облысының тұрғыны:

-  Осы Қымызмұрындықтан алып барған әсерімізді және өзіміздің алған тәжірибемізді көргенімізді әрине біз өз елімізге алып барып, сол жақта осындай Қымызмұрындықты ұйымдастыруға себепкер боламыз деген үміттеміз.

Ұлболсын  Бекмағанбетова, Қызылорда облысының тұрғыны:

-Қымызмұрындық мейрамыңызға келіп тұрмыз. Бізде бұндай салт-дәстүр жоқ енді. Сіздерде берекелі, шөбі шүйгін керемет өңір ғой. Сондықтан осындай керемет мерекеге қуаныштымыз.

Павлодарда соңғы күндері аптап ыстық болып тұр. Ауа температурасы бүгін 35 градустан асты. 

Ғалымбек Жұматов, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Жалпы біздің елімізде үлкен бір мерекеге айналды. Қымыздың үлкен қасиетті тағам екені осы жерде танылып отыр. Біздің еліміздің көркейгенінің өзі осы қымыздан, осы біздің көңілімізден, әнімізден  бәріне ұласып жатыр. Сондықтан мерекеміз құтты болсын.

Қымызмұрындық мерекесімен «Бір шаңырақ астында» этнофестивалінің жазғы маусымы ашылды. Биыл ол қалалық саябақта және Достық үйінің алаңында өтеді. Қала тұрғындары аптасына бір рет сенбі, жексенбі күндері елімізде тұратын  ұлттар мен ұлыстардың шығармашылығымен танысады.

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат