Елордада «Ел жүрегі – Астана» көрмесі өтті
Елордада «Ел жүрегі – Астана» тақырыбында көрме өтті.
Ерекшелігі сол, онда қам-көңіл жандардың 30-ға жуық түрлі, туындысы қойылған. Акрил, майлы бояу және бисер қолдану арқылы салынған картиналар, көпшіліктің таңдайын қақтырды. Шара шаһардың туған күніне орай ұйымдастырылып отыр. Сондықтан сиясы кеппеген туындылардан бас қаланың зәулім нысандары бейнеленгенін байқауға болады.
Роман Палкин, қала тұрғыны:
- Міне біз осындай туындыларымызды жасап, әртүрлі мерекеде оларды көрмеге қоямыз. Мұның әрқайсын жасауға көп уақыт кетпейді. Менің ендігі арманым «Бәйтеректің» макетін жасап, оны ауқымды шарадағы көрмеге қою. Оны ағаштан жасауды жоспарлап отырмын.
Мұнан соң көрме гала-концертке ұласты. «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының еңбеккерлері мен емделушілері, өнерлерін ортаға салды. Мың бұрала билеп, әуелете ән шырқады. Жалпы «Қамқорда» бүгінгі күні 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі және психо-неврологиялық ауруға шалдыққан жан әлеуметтік көмек алады. Сондай-ақ орталықта тігін, қыш, көркем сурет, ағаш шеберханасы секілді секциялар жұмыс істейді.
Назарбек Көкенұлы, "Қамқор" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Өткізіп жатқан шараның негізгі мақсаты сол – біздің қызмет алушылардың, яғни мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген талпынысын, құштарлығын көрсету. Өйткені қазір әлеуметтік сала ең басты салалардың бірі ғой. Осы кісілердің күші, талпынысын басқа адамдар көріп, осы кісілерге назар аударса, осы кісілер де қоғамның толыққанды мүшесі екендігіне мойындаса деген оймен өткізіп жатырмыз шараны.