Кореяда Роза Бағланова туралы койылымның премьерасы сахналанды
Оңтүстік Кореяда Роза Бағланова туралы койылымының премьерасы сахналанды.
Тэгу қаласындағы мюзикл фестиваліне Астана театры алғаш рет қатысты. 17-мәрте ұйымдастырылып отырған мәдени шараға 6 елден өнерпаздар келген.
Владислав Цой, тілші:
- Тэгу қаласындағы мюзиклдер фестивалі «Роза Бағланова» қойылымымен аяқталды. Корея сахнасында алғаш рет Орталық Азиядағы жалғыз мюзикл театрдың өнеріне жергілікті тұрғындар жоғары бағасын берді. 30 дан астам актер өнер көрсеткен туынды мазмұнымен шеберлік жағынан өзгелерден оқ бойы озып тұрды.
«Роза Бағланова» спектаклі өткен жылы аты аңызға айналған қазақ әншісінің жүз жылдығына орай қойылған болатын. Оның есімі Қазақконцерт ұйымына берілді. Театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин 2012 жылы Тэгу қаласына студент кезінде келген. «Ромео мен Джульетта» спектаклінде ойнады. Араға 11 жыл салып корей көрермендеріне отандық туындыны көрсетудің сәті түсті.
Есләм Нұртазин, "Astana Musical" театрының көркемдік жетекшісі:
- Роза Бағланова қандай болған, кім болған және соғыс кезінде қандай қиыншылықтардан өткені жайында болады. Менің ойымша, бұл корей халқына да және де келген басқа мемлекеттен келген біздің әріптестерімізге қызық болады, өйткені бұл таза өзіміздің өніміміз, өзіміздің авторларымыз, өзіміздің композиторларымыз болғаннан кейін.
Пэ Сонг Хек, Тэгу халықаралық мюзикл фестивалінің атқарушы комитетінің төрағасы:
- Бұл Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда ең үздік музыкалық театр екенін білеміз. Осы театрда Нотр-Дам де Пари сынды әлемге әйгілі мюзиклдердің қойылғанына таң қалдық. Сондықтан фестивалімізге шақыруды жөн көрдік. Фестивальдің жабылуында Роз Бағланова туындысы көрсетілгеніне мақтан тұтамыз.
Мюзикл жасау идеясы «Хабар» телеарнасында әншінің өмірі туралы «Бұлбұл» сериалы шыққаннан кейін пайда болды. Сериалда Роза Бағланова ролін Зарина Макина сомдады. Бұл оның кинодағы дебюті болды.
Зарина Макина, "Astana Musical" театрының актрисасы:
- Роза Бағланованың өмір жайлы бір кітап бар. Сол кітапты толықтай оқып шықтым. Ютубтағы барлық интервьюларын қарап шықтым, зерттеп. Одан кейін бүкіл ескі фотоальбомдағы сүреттерін қарап шықтым. Туыстарымен жанағы баласы Тәжен ағаймен сол келіні Марал ханым мен көп сөйлестім, әнгімелестім. Ол кісі жайында көп нәрселер ақпараттар сұрап біліп алдым.
Қазақ театрының әртістеріне деген қошемет бірнеше минутқа созылды.
Ким Су Ен, Тэгу қ. тұрғыны:
- Роза Бағланова сынды ұлы тұлғаның болғанын бүгін білдім. Спектакльде соғыстың сұмдығы мен қиыншылықтарын көріп таңғалдым.
Пак Ми Э, Тэгу қ. тұрғыны:
- Роза Бағланова керемет қойылым. Менің ойымша, бұл Тэгу музыкалық фестиваліндегі ең үздік қойылым. Әртістермен бірге жылап күлдім, бұл бақытты сәттер еді.
«Астана мюзикл» театрының Азиядағы премьерадан кейін әртістер Қазақстанның барлық қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ мюзикл Роза Бағланованың кіндік қаны тамған жері – Сыр өңірінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Владислав Цой, Ольга Лян