Ақтөбелік мұғалім мүмкіндігі шектеулі балаларды домбыраға баулып жүр

Ақтөбеде музыка пәнінің мұғалімі мүмкіндігі шектеулі балаларды домбыраға баулып жүр.

Гүлсана Мағзымбетова ноталар үйретуде, түрлі түс пен геометриялық фигураларды пайдаланады. Шәкірттері құлағы нашар еститін және сал ауруына шалдыққан жасөспірімдер. Олар қазірдің өзінде өнер байқауларында, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

Домбыра тартуды үйренгендердің бірі Амангерей Мутигула. Музыкалық аспаптың құлағында еркін ойнайды. Домбыра пернесіне түсірілген түрлі түс оған өте қызық.

Амангерей Мутигула мектеп оқушысы:

- Маған әкем айтты: бәрі домбырада ойнап жүр. Сен де үйрен. Қазақсың ғой. Сосын мені мына жаққа алып келді. Мына техника өте оңай және жеңіл. Маған қатты ұнайды.

Ноталардың жеті түрлі түспен және бес саусақтың геометриялық пішіндермен бейнеленуі ерекше балаларға арналған әдіс. Бұл мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің бойына музыка өнерін сіңіріп қана қоймайды. Олардың денсаулығына да оң әсер етеді. Мысалы сал ауруына шалдыққан баланың қол қимылын дамытады. Қос ми бөлігінің жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Қазір осы әдіс арқылы домбыра үйренгендер қалалық, тіпті республикалық байқауларда жүлде алып жүр.

Балалар үшін тың әдісті Гүлсана Мағзымбетова ойлап тапты. Педагог бұл тәжірибені бұрын ерекше жеткіншектермен жұмыс істегенде қолданған.

Гүлсана Мағзымбетова, мұғалім:

- Мына жерде домбыраны қарайтын болсаңыз, екі қатар түстер боялған. Мысалы, жасыл, қызыл, сары үстіңгі ішектің ноталары. Ал ақтан бастап, көктен бітетін қатар ол, астыңғы ішектің ноталары. Балалар визуальды түрде көру арқылы басып, ойнап тез үйреніп кетеді.

Педагог ойлап тапқан әдісіне авторлық құқық бекіткен. Тың тәжірибесі  Ақтөбенің екі мектебінде сынақтан өтіп жатыр. 

Жанғабыл Естөре, музыка пәнінің мұғалімі:

- Гүлсананың жасаған бағдарламасы балаларға өте ыңғайлы екен. Өзімде басында дұрыс түсініңкіремей, қазір уже балалармен бірге үйреніп алдым. Өткен жылдың қараша айынан бастадық. Сол 4-5 баламен қыстай жұмыс істедім.

Әдісті сынақтан өткізу бір жылға созылады. Соның нәтижесінде ғана тиісті министрлік белгілі бір тоқтамға келіп, ақтөбелік мұғалімнің тәжірибесін кең қолданысқа енгізуі мүмкін.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков, Болатбек Молдабеков