Ұлтты ұйыстырған құрылтай. LIVE
Түркістанда Ұлттық құрылтай секцияларының отырысы жалғасуда.
Түске дейінгі 1, 2-секцияның отырсы өтсе, қазір «Фараб» кітапханасында 3-секцияда «Ғылым және білім» тақырыбы талқыланып жатыр. Осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек бізбен тікелей байланысқа шықты. Жандос, бұл отырыста нақты қандай мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды?
Қазір алқалы жиынға қатысушылар ұлттың болашағына қауіп төндіретін ішкі және сыртқы сын қатерлерден бастап, көрші елдермен байланысты нығайту, су, жол, инфрақұрылымдық дағдарыстардың алдын алу, этнос аралық алшақтықтарды нығайтатын тамырластық идеологиясын қалыптастыру жайын сөз етті.
Сарапшылар оның барлығын ғылыми орта жасақтауы тиіс дейді. Ал ол үшін ұлттық құрылтай аясында ғылым және білім саласын жаңғыртуға баса назар аударылуы тиіс деген ұсыныстар айтылды. Себебі ғалымдар бұрынғы көне жазбаларды оқитын мамандар тапшы дейді. Мұра бар, оны зерттейтін, дамытатын ғалымдар жоқтың қасы. Бұдан бөлек, сарапшылар ғылым саласында бәсекелестік жоқ екеніне тоқталды. Себебі 10 жылдан кейін мұнай бағасы қалай өзгереді, теңге бағамы мен қаржы нарығы қалай құбылады дегенді айтып беретін сауатты сарапшыларға зәруміз дейді. Осы саламен айналысатын нақты ғылыми орталықтар болмағандықтан қазір халық «өзін экономистпін» деген бақсы-балгерлер мен блогерлердің болжамына сенетін жағдайға жеткенін айтады.
Біз осыған байланысты белгілі саясаттанушы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның пікірін алдын ала жазып алған едік.
Айдос Сарым, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Шынын айту керек, біз бақсы-балгерлікпен айналысып жүрміз. Мемлекет ісі үшін онымен айналысуға болмайды. Оған нақты ғылыми болжам керек, нақты ғылыми зерттеулер керек. 10-20 жылдан кейін қазақ тілінің болашағы қандай? Қазақтың өсімі қандай болады деген дерегіңіз бар ма? Мысалы мен депутат ретінде біраз ақпарат алатын мүмкіндігім бар, бірақ ондай деректі көрмеймін. Осының бәрін зерделейтін ғылыми орталықтар ауадай қажет. Бізде ұлттық философия мектебі жоқ. Көптеген нәрселер кейде ғалымдардың ізденісінен пайда болады. Мыслы үшін бүгін Ресей нарығы жабылып жатыр. Біз Үндістанға қалай шығамыз? Иран арқылы қалай өтеміз? Мұнайымызды, тауарымызды қалай асырамыз? Оны қалай дәріптейміз деген сияқты ғалымдардың алдында ең алдымен ізденіс жүруі керек.
Айта кетейік, түске дейінгі секция отырысында Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңмен реттеу, ұлттық идеология, қоғамдық кеңестердің рөлі және мәдениет пен руханият саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Құрылтайдың негізгі жиыны ертең Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді деп жоспарлануда.