Ақтөбеде жазушы Бибігүл Иманғазинаға арналған шығармашылық кеш өтті

Ақтөбеде белгілі қоғам қайраткері, жазушы Бибігүл Иманғазинаға арналған шығармашылық кеш өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының жетекшісі биыл 80 жасқа толып отыр. Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жүсіп Нұртөре, қазақстандық жазушылар, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатысты. 

Бибігүл Иманғазина ел арасында «Бибі ана» деп танылып кеткен. Жастайынан мүгедек арбасына таңылғанына қарамастан тағдырлас жандардың тауқыметін жеңілдетуге тырысып келеді. Сол мақсатта ширек ғасыр бұрын қайырымдылық қоры ұйымдастырып, мыңдаған жанға қолұшын берді. Бірінші кезекте мүгедек аналарға жағдай жасауды міндет еткен.

Бибігүл Иманғазина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Ең бірінші жағдай жасау керек болса өзімнің елім тұратын көз алдымда. Осы 30 жылдың ішінде қара басымның шаруасын айтып көрген емеспін. Тек қана халықтың шаруасын айтым. Жылап-еңіреп жатқанның көз жасын құрғатқым келеді. Менің көрген қиындығымды ешкім көрмесе екен  деймін.

Қазақстан Республикасын ың еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Иманғазина Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген. Мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты табыспен қамтамассыз ету, арбаға таңылған аналардың балаларын жоғары оқу орнына түсіру жолындағы атқарған қажырлы еңбегі еленіп, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- Мүгедек адамдардың тағдырын қалай шешудің амалын табамын деп апам өзіне уәде берген. Апам уәдесін орындады. Уәде деген сөз қасиетті сондай терең ұғым. Айтқан сөзін орындау кез келген азаматтың қолынан да келе бермейді. Апа сіз соны жасадыңыз. Апа, мыңда бір рахмет елдің атынан сізге. 

Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты алғашқы романы тәуелсіздік алған жылдары жарық көрген. Басылымнан шыққаннан-ақ «Жылдың ең көп оқылатын кітабы» атағына ие болды. Бүгінгі салтанатты шарада оқырмандардың ықыласына бөленген туындыдан «Асқақ Арман» спектаклі сахналанды. 

Мансур Есқожин, Айбек Даутов