Польшада «Димаш» радиосы жұмыс істеп тұр

Бұл кәдімгі Димаш Құдайбергеннің құрметіне ашылған арна.

Варшавадан шыққан толқын әлемге тарайды. 24 сағат бойы  ұлы дала әуендері шырқалады бұл бір. Екіншіден радио қазақ тілін үйретеді. Одан қалды біздің ел жайында танымдық материалдар беріліп тұрады.

Польшада "Димаш" радиоарнасын ашу идеясын  жергілікті жанкүйерлер іске асырды. Медиа саласында тәжірибесі жоқ жандарды біріктірген, шабыттандырған - отандық әншіміздің ғажап дауысы. Өнерде ұлт жоқ. Радио тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді, дауысы әлемге таралады.

Збигнев Кужинский, «Димаш» радиосының негізін қалаушы:

- Мен Димаштай талантпен «Singer» жобасы арқылы таныстым. «S.O.S.» әні музыкаға деген махаббатымды оятты. Оның орындаушысын өмірде көргім келді. Концертіне барудың амалын іздей бастадым. Француз тіліндегі әнді естіп алған соң, бір айдан кейін Димаштың Лондондағы концертін тамашаладым. Содан кейін радиоарна аштық. Біздің демеушіміз жоқ. Редактор, жүргізуші - бәріміз тегін қызмет атқарамыз. 

Радиоарна Қазақстанның көрікті жерлері, тарихы, қазақ және поляк ұлтының қаһармандары туралы ақпарат береді. Біздің елдегі барлық айтулы іс-шараны атап өтеді. Мәселен, тамыз айы ұлы ақын Абай шығармашылығына арналған. Ең бастысы, Димаштың әндерін және жалпы халқымыздың мәдениетін түсіну үшін радиода арнайы қазақ тілі сабағы жүргізіледі.

Тереза Конколь, "Польшадағы ДИМАШ Құдайберген жанкүйер клубы" қауымдастығының президенті:

- Мен қазақ тілін білмесем де сабақ беруге тырысып жүрмін.  Біздің Қазақстаннан келген досымыз бар, бізге сөздерді сол жазып береді. Содан кейін сейсенбі сайын бас қосып, оны қайталап, оқып үйренеміз.

Эмилия Липка-Михалик "Польшадағы ДИМАШ Құдайберген жанкүйер клубы" қауымдастығының мүшесі:

- Димашты естігенде, мен оның дауысына бірден ғашық болдым. Оның арқасында мен Қазақстан туралы білдім. Сіздің еліңізге арнайы барып, Димаштың концертіне қатысқым келеді. Бұл арманымды міндетті түрде орындаймын. Ал біздің сүйікті Димаш – Әлем әншісі. 

"Димаш" радиостанциясының ашылғанына биыл 3 жыл. Осы уақыт аралығында арна өз тыңдарманын әлемнің әр континентінен тапты. Әсіресе Еуропа, Канада және АҚШ тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Варшавадағы Димаштың жанкүйерлері концертте кездесіп қана қоймай, жаз сайын слет ұйымдастырады. Биыл да, шілде айында бас қоспақ. Ал Димаш радиосы тоқтаусыз жұмыс істей бермек.

Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский