Түркістанда анимациялық фильмдер байқауы аяқталды

Түркістанда өткен Халықаралық фестивальде отандық «Айбынды аула» анимациялық фильмі гран-при иеленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Алтын Сақа» Халықаралық анимациялық фильмдер байқауы қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеріп, қазақ фольклорінің кейіпкерлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Мамандар байқауға алыс-жақын шетелден 70-ке жуық туынды ұсынылғанын айтады. Олардың ішінде Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдері бар.

Ұйымдастыру алқасының шешімімен 30 анимациялық фильм іріктеп алынған. Халықаралық дәрежедегі анимация саласының мамандарынан құралған кәсіби қазылар режиссер Азамат Ерназаровтың «Айбынды аула» анимациялық фильмін бас жүлдеге лайық деп таныды. І орын «Бақашабақ» анимациялық фильмінің режиссері Қуаныш Нағыз бен түрік режиссері Али Қаражамға бұйырды. Ал жүлделі ІІ орынды Өзбекстаннан келген режиссер Жавлон Турдиходжаев пен отандық режиссер Аманғали Ерман өзара бөлісті. ІІІ орын әзербайжандық режиссер Жейхун Турксой мен Арнұр Тұрлықожаға берілді.

Қуаныш Нағыз, І орын иегері:

- Еңбекті бағалап, бірінші орын беріп тұрғанына көп рақмет айтамын. Балаларға сапалы контент, сапалы фильм көрсетіп, насихаттап, бүгінгі мерекелік тойға келіп тұрғаныма өз басым қатты қуанымын. Осы фестиваль тағы жалғасын таба берсін.

Батырхан Дәуренбеков, қазылар алқасының төрағасы:

- Түркі одақтарынан түрлі жұмыстар келіп түсті. Олардың барлығы «Оңтүстік» фильм арқылы насихатталады. Ауылдық, аудандық жерлерге көрсетіледі. Бәрі жақсы әсер алды. Іріктелген жұмыстардың ең мықтыларының арасынан біз таңдап алдық. Әділ қазылар шешім шығарған кезде қатты қиналды. Бірақ бірауыздан бірдей шешімге келіп, әділ бөле білдік.