Күй – құдірет: Құрманғазының 200 жылдығы атап өтілді
Елордада Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған "Күй - құдірет" атты кеш өтті.
Жиынға елге белгілі күйшілер мен өнер қайраткерлері қатысты. Құрманғазының танымал күйлерін өнер мектебінің оқушылары жоғары деңгейде орындап дүйім жұртты тәнті етті.
Ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отырған салтанатты кеште Құрманғазының өмір тарихы мен шығармашылығы сөз болып, туындыларын өнерпаздар жарыса орындады.
Сайлаубек Ғизатов, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы:
- Елімізде рухани мәдени мұраны дамытуға үлкен көңіл бөліп жатыр. Құрманғазының тұлғасын біз ерекше дәріптейміз. Ұлт-азаттық көтерілістің жаршыларының бірі болды деп айтсақ болады. Құрманғазы Сағырбайұлының тарихи тұлғасы жас ұрпаққа өнеге, үлгі.
Өткенге көз жүгіртсек, Патша үкіметіне қарсы бас көтерген Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Құрманғазы небәрі 15 жаста болған екен. Бірақ жастығына қарамастан батырларымыздың рухын оятатын күйлер шығарып, жігерлендіріп отырған. Сол туындылардың бірі, "Кішкентай" атты күйі.
Жанғали Жүзбай, күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚАЗҰӨУ профессоры:
- Құрманғазының күйлерінде бірінші орынға шығатын мәселе. Ол күйдің бойындағы қазіргі тілмен айтатын болсақ симфониялық мазмұны. Біріншіден, Құрманғазы композитор ретінде ешқашан ешкімді қайталамаған. Күйдің мінезіне байланысты Құрманғазы күйлерінің жартысы лирикалық күйлер жартысы мұң күйлер. Қазақ күйінің жаңа формасын жасаған адам.
Құрманғазының күйлерін зерттеп, оның нотаға түсуіне себепкер болған Ахмет Жұбанов, Александр Затаевич сияқты ғалымдардың еңбегін атап өту керек.
Қазіргі заманға лайықтап оркестермен түрлі аспаптармен бірге этно жанрда орындап жүрген отандық музыкалық топтар да Құрманғазы күйлерін әлемдік сахналарда орындау арқылы домбырамызды кеңінен танытып жүр.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Домбыраның үнін естісе елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Құрманғазының күйлерінде қазақ даласының кеңдігі, тарихымыздың қазыналы кезеңдері суреттелген. Күйшінің шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа жеткізу міндет, насихаттау мақсатымыз болса ұлттық өнеріміздің дамитыны сөзсіз!
Әл-Фараби Серіков, Арман Ақшабаев