Қазақтан шыққан тұңғыш геологтың дүрбісі музейге тапсырылды
Қазақтан шыққан тұңғыш геолог, ғалым Оразмағамбет Тұрмағанбетұлы қолданған дүрбі Ақтаудағы тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.
Құнды жәдігер 19-ғасырда Парижде жасалған деген болжам бар. Ғалым Маңғыстау жерінде геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген уақытта, көне дүрбісін жанынан тастамаған екен. Кейін қудалауға ұшырап, шетелге кетер алдында, күйеу баласына аманат ретінде қалдырған. Ғалым 1882 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде дүниеге келді. Репрессия жылдары ұсталып, 1939 жылы Түрікмен жерінде ату жазасына кесілді. Алаш қозғалысының белді мүшесі болған, біртуар тұлғаның ұрпақтары бүгінде Иранда тұрады.
Отыншы Көшбайұлы, өлкетанушы:
- Бергіге дейін бұл дүрбі туралы ештеңе естіген жоқпыз. Артынан барып, сол жаңағы кісінің қызының қолында сақталған екен осы дүрбі. Өзеннің басындағы Оразмағамбет қорымы жігіттерінің жұмысымен барлық құжаттары жиналған. Тек қана мұнымен шектелмей, әлі де де ізденістердің бола беретіні белгілі.