Талғар тұрғыны роботтар музейін ашты
Қарапайым қызығушылықтан роботтар паркіне дейін.
Көрермендерге қарапайым заттардан, тұрмыстық техника қалдықтарынан роботтар жасап танылған талғарлық стоматологтың арманы орындалды. Оның ендігі мақсаты шеберхана салып, өзгелерге темірмен жұмыс істеуді үйрету.
Шаңсорғыштан робот, кір жуатын машинадан ұшқыш және көлік бөлшектерінен терминатор құрастырған тіс дәрігері осы күнге дейін 40-тан аса мүсін жасапты. Осылайша Қуаныш Мұхамеджановтың үйіндегі мұражайына келушілер саны артып, Талғар қаласындағы қызықты нысанның біріне айналыпты. Тіпті шетелдік туристер де ат басын бұрып тұрады екен.
Қуаныш Мұхамеджанов, арт-мүсінші:
- Соңғы бір жылда 10 мүсін жасадым. Олардың арасындағы екі горилла, Оптимус Прайм және Айдаһар бар. Көпке танымал Валли роботтың да көшірмесін жасадым. Олардың барлығы тұрмыстық темір қалдықтардан құрастырылған. Қазір пластик қалдықтармен жұмыс істеп жатырмын.
Арт-мүсінші үнемі шеберлігін шыңдап, шет елдік әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады. Болашақта бұрыңғыдан да күрделі мүсіндер жасап, шет елдік шеберлермен ортақ жобаны қолға алмақ.
Қуаныш Мұхамеджанов, арт-мүсінші:
- Мысалы, мынадай үлкен горилланы біраз жыл бұрын британдық мүсінші көліктің бамперінен құрастырған болатын. Мен оны тұрмыстық пластикалық қалдықтардан жасауды ұйғардым. Горилла жобасы ослай жасалды. Олардың салмағы 300 келі және тек қайта өңделген пластиктен жасалған.
Экс-стоматологтың мақсаты мұражай аумағы мен мүсіндер түрін көбейту. Оған қоса балаларға арналған кейіпкерлерден ересектерге арналған мүсіндер құрастыруға бет бұрған.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов