Алматыда Tiger Films компаниясының кезекті фильмінің түсірілімі басталды
Алматыда Tiger Films продюсерлік компаниясының кезекті толықметражды фильмінің түсірілімі басталды.
Комедия мен экшн қатар жүретін романтикалық драма балалар үйінен шыққан қос ғашықтың ауыр тағдырынан сыр шертеді. Жаңа картинадағы басты рольдерді елімізге танымал актерлер ойнайды.
Жаңа киноның алғашқы түсірілімінде режиссер Алёна Алмаз дәстүрлі түрде тәрелке сындырды. Бұл кино саласында кең таралған ескі рәсім. «Ұрлықшылар» деп аталатын картинада қос жетімнің үлкен қаладағы өмір қиындықтары, шытырман оқиғалары суреттеледі. Tiger Films продюсерлік компаниясының ұжымы Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі Алёна Алмаздың отандық киноға қосар үлесі мол екеніне сенімді.
Алёна Алмаз, режиссёр:
- Мен отандық киноға батыстың түісірілім технологиясын алып келгім келеді. Осылайша көрермендердің отандық киноға деген қызығушылығын арттыруды көздеймін. Қазір батыс фильмдеріне деген сұраныс жоғары. Тым болмаса таразының екі басын теңестіру де нәтиже. Өйткені, қазір жақсы отандық фильмдер түсіріліп жатыр.
Фильм балалар үйінде тәрбиеленген Әмір мен Сана есімді кейіпкерлердің өміріне құрылған. Олар аштықпен күресу үшін ұрлық жасап өседі. Мектеп бітірген соң Әмір мен Сана бағалы заттарды жымқыруға бет бұрады. Байлардан ұрлап алғанын мұқтаждарға таратып береді. Жетімдер өміріндегі шытырман оқиға осылай басталады.
Әйгерім Жүнісова, актриса:
- Ауыр, бірақ өте қызықты роль. Шынымды айтсам, менің кейіпкерім «ең сүйікті» кейіпкерім деп айта аламын. Осыған дейін түскен кейіпкерлерімнің арасында. Сол үшін мен тырысып жатырмын. Режиссердің көмегімен, команданың көмегімен. Біз дайындалдық. Кәдімгідей бір жарты айдай дайындалдық.
Фильмдегі экстремалды қимылдарды актерлердің өздері орындайды. Жаңа картина Kinopark & Kinoplexx кинотеатрларынан 18 қаңтардан бастап көрсетіледі.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон