Павлодар. Ертістің бойы гүлденді
Павлодардың мәдени өмірінде елеулі өзгерістер байқалады. Ерке Ертістің жағасында спортпен шұғылдануға, шығармашылықпен айналысуға, суға шомылып, күнге қыздырынуға жағдай жасалған. Жаймашуық жаз мезгілін жергілікті тұрғындар тиімді өткізуге тырысады.
Аптаның басы. Соған қарамастан Орталық жағалауда халық көп. Биыл мұнда пианино аспабы қойылды. Қала тұрғындары Ертіс жағалауында серуендеп қана қоймай, түрлі классикалық туындыларды тыңдай алады. Белсенді азаматтардың Орталық жағалауға музыкалық аспап қою идеясы жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапты. Бүгінде бұл жер музыкаға әуес үлкен де, кіші де бас қосатын мәдени орынға айналды.
Матвей Чекало, оқушы:
- Маған өте ұнайды. Ертістің жағасында әдемі үйлесім тауып тұр. Пианино аспабында ойнай бергім келеді. Өзім музыка мектебінде оқимын.
Наталья Чекало, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Биыл біздің Орталық жағалауымыз адам танымастай өзгерді. Өте әдемі. Пианино аспабы орнатылды. Балаларға бассейн салынды. Суға шомылатын орындар қайта жасалды. Өте ұнайды. Жиі серуенге шығамыз
Ертіс жағасындағы әсем қаланың келбетіне әсіресе қыдырып келген қонақтар тамсана қарайды. Қызмет көрсету сапасы да арта түскен. Қаз-қатар қойылған тамақтану дүңгіршіктері мен сусын, балмұздақ сататын орындардың саны артты.
Альфия Әбіренова, Семей қаласының тұрғыны:
- Мен Семей қаласынан Павлодар қаласына демалып келіп едім. Павлодар қаласының Орталық жағажайында қыдырып жүрміз өте әдемі екен. Адамдардың қалауына сай жасалған, барлық жағдай бар. Барлығы тегін екен, өте қуанышты.
Ал, тоғызыншы сынып оқушысы Әнуар Табекенов жазғы демалысын еңбекке арнапты. Өзен бойында серуендеп жүрген адамдарды суретке түсіріп нәпақа табады. Келешекте кәсіби фотограф болсам деп армандайды.
Әнуар Табекенов, жас фотограф:
- Мен суретке түсіруді кәсіп етіп жүрмін. Бұл жердің табиғаты өте көркем. Адамдар көп келеді және естелікке суретке түседі.
Бұл махаббат саябағы. Ғашықтар жиі бас қосатын жер. Болашақ жас жұбайлар фотосессия жасайды.