Маңғыстауға келер турист көп
Каспий жағасындағы Маңғыстау өңіріне жыл басынан бері 42 мыңға жуық турист келген.
Қазір жағалауда 99 қонақүй жұмыс істеп тұр. Барлығы да теңіз көруге келген адамға толы. Әсіресе, көршілес Ресейден көп келеді. Одан кейін Еуропа, АҚШ, тіптен сонау Африкадан да келгендер бар.
Тамыздың басында Ақтауда оқушылар арасында шахматтан халықаралық командалық чемпионат өтті. Ақыл-ой жарысында 53 мемлекеттен келген 400-ден аса өрен бағын сынады. Дүниежүзінде мұндай сайыс алғаш рет ұйымдастырылғанын айта кету керек. Кейбір оқушы шалғайдағы Кайман аралдарынан келді. Жас буын өкілдері Каспийдің сұлулығына таңдана да тамсана қарағанын жасыра алмады.
Айсаак Олуборот, оқушы (Нигерия):
- Каспий жағасындағы қалаға жеткенше бірнеше рет ұшақ ауыстырып міндік. Шаһар шағын әрі әдемі. Жолда шаршағанымызға қарамастан, бірден жағажайға бардық. Ақтаудың теңізге сұғына кірген жартыаралда салынғанын естіп, қайран қалдық. Жақындарымызды осында саяхат құруға шақыратын боламын. Қазақтардың қонақжайлығына ризамыз.
Каспий жағалауы көпшіліктің сүйікті орны. Әсіресе кешкі мезгілде адам қарасы көбейеді. Соңғы жылдары жағажайда дәмхана-мейрамхана саны күрт өсті. Сәйкесінше, мемлекетке түсетін салықтық төлемдер де біршама артқан. Атырау тұрғыны Ұлболсын Қозыбаева теңізге шомылып, жағалауда демалу үшін жылда келіп тұрады екен.
Ұлболсын Қозыбаева, Атырау қаласының тұрғыны:
- Ресторандары да, қызмет көрсетуі де жақсы. Сосын жағажайда барлық жағдай жасалған әрі таза. Негізі 23-іне кетіп қалатынбыз, соны 7 күнге тағы создырдық. Бәрін көріп қайтқымыз келеді.
4а шағын аудандағы «Жартасты соқпақ» жағажайы – Ақтаудың көрнекті жерінің бірі. Ұзындығы 7 шақырымдай туристік орын күн бата түрлі-түсті шамдар жарығына бөленіп, алыстан көз тартады. Көше музыканттары әсем әндерді әуелетіп, көпшілікке көтеріңкі күй сыйлауы үйреншікті көрініске айналды.
Ислам Қаймолдаев, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Теңіз жағасына келгіміз келіп тұрады. Міне, балаларды алып келеміз. Қандай атмосфера. Елмен бірге билейміз. Көңіл көтереміз.
Қала сыртындағы «Жылы жағажай» курорттық аймағында 25 туристік нысан тәулік бойы жұмыс істейді. Жаз басталғалы бері шетелден келген турист көптігінен жергілікті атқарушы органдар 50-ге тарта гид-маманға жедел курс оқытқан.
Гүлсім Жариева, Облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:
- Салт-дәстүрімізді көрсету үшін 17-28 шілде аралығында біз 45 гидті және экскурсоводты оқытудан өткіздік. Сертификат берілді. Қазақстан туристік қоғамдастығының қолдауымен осы жоба жүзеге асырылды. Халықаралық дәрежесі бар оқытушылар мен сарапшылар семинар-тренингтер өткізді.
Туристер Маңғыстау өлкесінің сакральды орындарына ерекше қызығады. Қыс-жаз болсын Ақтауға демалуға келген адамдар қасиетті жерлерге, соның ішінде әлемге әйгілі Бозжыра шатқалына баруға тырысады. Жүрдек көлікке мініп, дала сүрлеуімен жетуге құмар жиһангез қатарының көбеюіне орай 30 туристік бағдар бойынша жол сілтегіш тақталар орнатылып жатыр.