Халықтар достығы концерті өтті
Өзбекстанның Сырдария облысында өткен қазақ, өзбек және тәжік экономикалық форумы аясында мәдени шаралар да ұйымдастырылды.
Екі күндік бағдарлама «Бауырлас халықтардың достығы» атты ауқымды концертпен қорытындыланды.
Осыған орай еліміздің өнер ұжымдары арнайы сапармен барып, көрермен көзайымына айналды. Ашық аспан астындағы концертте ұлттық құндылығымыз айшықталып, әуезді ән, ырғақты биіміз орындалды. Достық рухтағы шығармалар шырқалды. Домбырамен күмбірлете күй төккендерге жергілікті жұрттың ықыласы ерекше болды.
Жалпы Түркістанның Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониясы бұл сапарын бауырлас ел тәуелсіздігінің 32 жылдығына арнап, қалың қазақ елінің ізгі ілтипатын жеткізді.
Бақытжан Аяпбергенов, Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан филармониясының әртісі:
- Түркістан облысындағы облыстық филармония атынан бір топ ұжым, бишілеріміз бар, әншілеріміз бар және «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі бар, арнайы Сырдария облысы, Гүлістанға келіп жатқан жайымыз бар. Бүгін де қалада форумға байланысты әртістер жиналуда, оның ішінде тәжік және қазақ ұжымдары бар. Гүлістан бізді әсемдігімен баурап алды. Түркі елдерінің бірлігі нығая берсін.