Ғұн жауынгері қалпына келтіріліп жатыр
Ақтөбе тарихи-өлкетану музейі мамандары ғұн дәуірі жауынгерінің құрал-саймандары мен қару-жарағын қайта қалпына келтіріп жатыр.
Құнды жәдігерлер археологтарға кездейсоқ тап болған. Құм карьерін қазу кезінде шыққан бұйымдарды тарихшылар шамамен біздің заманымыздың ІІ-ІV ғасырына тиесілі деп топшылап отыр.
Алтын және түрлі-түсті тастармен көмкерілген ер-тұрман мен ұзын қылыш бар. Сондықтан қорымда ғұн дәуірінің ақсүйек-батыры жерленген деген болжам бар.
Мұндай археологиялық жәдігерлер Батыс Қазақстан аумағынан бастап, сонау Шығыс Франция жеріне дейін кездеседі. Тайпалардың ұлы қоныс аударуы кезеңінен қалған бұйымдар қайта қалпына келтіріліп, музей төрінен орын табады.
Аслан Мамедов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:
- Көп бұйымдардың қай нәрсеге жататыны белгісіз. Мысалы кейбіреулері ер-тоқымға жатады, үзеңгіге жатады, кейбіреулері қару-жараққа жатады. Бұйырса бұл жұмыстар атқарылғаннан кейін, осы жылдың аяғында мына Ақтөбе облыстық өлкетану музейінің ғұн жауынгерінің толық реконструкциясы қойылады экспозицияға.