Анкарадағы «Отырар» кітапханасы

Анкарада «Отырар» кітапханасы жұмыс істейді.

Түркі тарихы мен мәдениетіне ортақ мұраларды сақтаған қорды ерлі зайыпты Өмер Айкурт пен Әсел Лахаева басқарады. Жобаға «Отырар» деген атау берген. Мұнда әлемде сирек кездесетін туындалар бар.

«Отырар» цифрлық кітапханасында 120 мыңнан астам кітап, 50 мыңға жуық мерзімді басылым бар. Оның 20 мыңы Қазақстан тарихы, әдебиеті мен түрлі жанрдағы кітаптар. Қалғаны түркі тілдес мемлекеттер мен өзге де елдерден топтастырылған. Ішінде сирек кездесетін туындалар да бар. Солдардың бірі – Томсонның «Орхун жазулары» туындысы. Бұл кітаптың әлемде тек 200 данасы ғана бар.

Өмер Низаметтин Айкурт, Түркі тарихы мен мәдениеті қорының басшысы:

- Алғашқыда түркі дүниесінде түркология кітапханасын құру идеясы қалыптасты. Осылай төрткүл дүниеден кітап жинай бастадық. Кітаптардың құндылығы мен әр түрлілігі бойынша жиналғаны соншалықты цифрлық кітапхана құруға бел будық. Мұнда, Қытай, Франциядан бастап бірқатар әлемдік кітапханаларда кездеспейтін құнды туындылар бар. Кітаптарды қағаз әрі электронды түрде жинаймыз. Цифрландыруда әлемнің озық технологияларын қолданамыз. 

Цифрлық кітапханаға «Отырар» атауының берілуі бекер емес. Жоба авторлары ерлі-зайыпты Өмер Низаметтин Айкурт пен Әсел Лахаева. Олар атажұрт пен отандарына деген азаматтық борышын осылай ақтап жүр. Цифрлық кітапхана Түркі тарихы мен мәдениеті қорының қаржысына және екіжақты келісім аясында жүзеге асты.

Өмер Низаметтин Айкурт, Түркі тарихы мен мәдениеті қорының басшысы:

- Кітапханамызды «Отырар» деп атауымыздағы басты себеп, Александрия кітапханасымен жарысқан Түркістанның қақ ортасында орналасқан кітапхана болды. «Отырар» атауының заманымызда да сол миссияны атқаруын қаладым. Былтырғы Түркі мемлекеттері ұйымының Самарқандта өткен саммитінде Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың бауырлас халықтар арасында «Цифрлық кітапханасын» құру идеясы бізге үлкен қолдау болды.

Әсел Лахаева, "Отырар" цифрлық кітапханасының авторы:

- Мақсатымыз – тек қазақ ғалымдары емес, бүкіл түркі ғалымдары өздерінің қалаған қалаларынан, әлемнің түкпір-түкпірінен бір басу арқылы қалаған кітабына қол жеткізу. Мысалы бізде сақа, алтай елдері әдебиетінің көптеген кітабы цифрлық нұсқалары бар. Кез келген кісі онда бара алмайды. Ал ізденуші отырған жерінен құнды жәдігерге қол жеткізе алады. Қазақ қызымын. Жырақта жүрсем де туған жерімді, туған тілімді сағынып, соны дәріптеп, танытқым келеді.

Өмер мен Әсел «Отырар» цифрлық кітапханасымен шектелмейміз дейді. Жуырда, Түркияның Диарбакыр қаласында ашылған Нобель лауреаты Азиз Санжармен бірігіп, түркі дүниесіне ортақ «балалар кітапханасын» құруды мақсат етеді. Осылайша, бауырлас мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтпақ.