«Әкеге апарар жол» Дубайдан басталды
Дубайда қазақ тілінде түсірілген фильмінің тұсаукесері өтті.
«Әкеге апарар жол» деп аталатын туынды отбасы құндылықтарын дәріптеуді мақсат еткен.
Біз қазір Дубай-Mall сауда орталығына кіріп келе жатырмыз. Осы жердегі кинозалдың бірінде қазақ тілінде түсірілген фильм көрсетіледі. Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Сондықтан, Әмірліктерде өмір сүретін жерлестеріміз жан-жақтан жиналып келіп жатыр.
Түсірілім жұмыстары наурыз айында Алматы облысынан басталып, киелі Маңғыстау өңірінде аяқталған. Фильмнің режиссері – Тимур Дулатов. Драмеди, яғни драма-комедия жанрында түсірілген шығарма әзіл арқылы көпке терең ой салады.
Рамазан Амантай, фильм продюсері:
- Әкелердің қадірі және бұл тек қана әке туралы емес, жан-жақты айтар ойы көп фильм. Әке деген тамаша ұғымды, тамаша қасиетті есімді елдің есіне бір салып қояйық деп осы фильмді түсірдік. Әрі бүгін біздің тамаша мерекеміз – Ата заң күні. Дубайдағы қандастарымыз көріп, өзінің оң бағасын беріп жатыр. Соған қатты қуанып тұрмыз.
Фильмде қазақ отбасының басынан өткен өмірлік жағдайлар көрініс тапқан. Жаны қазақтың жүрегін дәрігерлер өзге кеудеге салса-дағы, сол жүректің қазақ деп соғып, ұлттың бойындағы қасиеттерге адалдығы айқын суреттелген.
Даут Шайхисламов, продюсер:
- Бүгін Дубайда керемет көрініс болды, Рамазанға көп рахмет. Маңғыстауды көргеніме өте қуаныштымын. Өйткені, мен Жаңаөзеннен боламын. Алтын емел саябағы, өте керемет, Қазақстан өте керемет. Қазақ киносы дами берсін.
Айдын Нығмет, көрермен:
- Қазақ киносын көріп жақсы әсермен шықтық. Сценарийде өте терең мағына бар. Әкеге арналған, өзіміздің қазақи отбасылық құндылықтарға арналған. Қазақтың актерлері келіп осындай үлкен сыйлық тарту етіп жатыр.