Түркістанда Конституция күніне орай мерекелік іс-шара өтті

Түркістанда Конституция күніне орай «Ата заңым – айбыным!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Оған зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер майталмандары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Жиында Ата Заңға енгізілген өзгерістер туралы айтылды. Заңның 30-дан астам заң бабы  толықтырылған еді. Бұл бастама елімізде азаматтық қоғамның дамуына, демократиялық үрдістердің салтанат құруына ықпал етті деді жиналғандар. Басқару жүйесіне өзгерістер енгізіліп, Парламенттің ықпалы арта түскенін тілге тиек етті. Сондай-ақ шара барысында өңірдің дамуына өз үлесін қосып, еңбегімен дараланған бір топ азамат марапаттады. Бұдан бөлек шара аясында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің жеңімпаздары марапатталады. 4 ай бойы қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлаған байқау өз мәресіне жетті. Шардара ауданының өнерпаздары бірінші орынға лайық деп танылып, жүлдеге ие болса, Отырар ауданы байқаудың жеңімпазы атанды.

Сағынтай Құттыбай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- 3 күнге созылған байқауда біздің 500-ден аса өнерпаздар, қорлөнер шеберлері, түрлі өнердің майталмандары қатысқан болатын. Бүгін Ата заңымыздың мерекесі қарсаңында отырарлықтар үлкен жеңіске жетіп отырмыз. Бас жүлдеге микроавтобус алып, бұл біздер үшін үлкен жауапкершілік. Өнерімізді бағалаған қазылар алқасына, түркістан еліне алғысымыз шексіз рақмет.