Қарағанды облысындағы Ақжалда ауыл күні атап өтілді
Ақжалдықтар «Ауыл күнін» атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Қарағанды облысындағы бұл кенттің тұрғындары мен осы ауылдан шыққан азаматтар мыңға жуық спортшының басын қосып, ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізді. Жиынға ауыл аймақ тұрмақ, шет елдерден де спортшылар келді.
Ақжалдағы Ауыл күні қалай өтті?
Көксеркені тақымға қысып қарсылас қақпасына атқан оқтай алып ұшқан көкпаршылар кім-кімнің болмасын делебесін қоздырады. Ат тұяқтан сүрінбесе палуан межеден жаңылмайды мұндайда. Әр ауданнан келген көкпаршылардың жеңіске деген құлшынысы ерекше.
Аударыспақ сайысында білектілер сынға түссе, кір тасын көтергендер де жарыстың көрігін қыздырды. Ал әйелдер арасындағы арқан тартыс нәзік жандылардың жеңіске деген құлшынысын көрсетті.
Ұлттық ойын десе аламан бәйгенің жөні бөлек. Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақты тұлпарлар алыс қашықтықты бағындыруға тырысады. Бас жүлде су жаңа автокөлік
Медет Нөкешов, ұйымдастыру алқасының төрағасы:
- Басты мақсатымыз жастарға қолдау көрсету. Ұлттық спортты дамыту. Елдің бірлігі осындай жарыс өткізудеміз. Ауыл жастарының спортқа жанашырлығы деп. Елдің дамуына үлес қосқан жастар арта берсін. Оңтүстіктен, батыстан келіп жатыр қонақтар өте көп.
Ал қазақ күресіне жауырыны қақпақтай жүздеген палуан келген. Әр-түрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсетушілердің арасында көрші елден келгендер де бар. Бұл қазақ күресінің шетелдерде дамып келе жатқанының айқын көрінісі.
Темірлан Ибраев, спортшы /Өзбекстан/:
- Өзбекстан елі Ташкент қаласынан келдім. Жеңіске жету үшін келдім. Жылда болып тұрса келуге дайынмын. Қарсыласымның бірін жеңдім. Алдағы жарыста да жеңетініме сенемін. Ауыл күні құтты болсын.
Бұдан өзге футбол мен волейбол сынды қазіргі спорт түрлері де шет қалған жоқ. Демеушілер жарысқа 25 млн теңге жүлде тіккен. Іргесі өткен ғасырдың 60-шы жылдары қаланған елдімекен есімін ел білетін бірқатар спортшының туған жері ретінде танымал. Ақжалда ауыл күнін жыл сайын атап өту жоспары бар.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар