Қазақстан Қытайда өткен VI «Жібек жолы» халықаралық мәдени көрмесіне қатысты
Алматының Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы атануы осы ұйымға мүше елдердің арасындағы байланысты нығайта түспек.
Бұл туралы Қытайдың Дуньхуан қаласында өткен «Жібек жолы» VI халықаралық мәдени көрмесінде айтылды.
Жалпы туризмнің әлемдік экономикадағы маңызы жыл санап артып келе жатқаны белгілі.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Жібек жолы торабындағы сауда-экономикалық, мәдени байланыстарды арттыратын халықаралық көрменің Дунхуан қаласында өтуінің өзіндік себебі бар. Өйткені осыдан 2 мың жыл бұрын ескі Жібек жолында Дунхуан қаласы негізгі орталықтардың бірі болған. Дәл осы жерде Батыс пен Шығыстың экономикалық-мәдени байланысы арта түскен болатын. Бүгінде сол дәстүр жалғасын табуда.
«Жібек жолы» халықаралық мәдени көрмесі Дуньхуан қаласында алғаш рет ұйымдастырылды. Іс-шараға халықаралық ұйымдардың басшылары, белгілі саясаткерлер, жалпы саны 12 елден 1200-ден астам адам қатысты. Көрмеде негізінен Жібек жолы белдеуінде орналасқан мемлекеттердің мәдени, тарихи мұралары көрсетілді.
Чжу Юмин, Дуньхуан қаласы муниципалдық комитеті хатшысының орынбасары:
- Халықаралық жиынға қатысушы елдер арасындағы байланыс артып, мәдениттер алмасып, дами түседі. Осындай форумдар мен көрмелер жиі өтіп тұрса, деп ойлаймын. Әсіресе Қытай мен Қазақстан арасындағы іскерлік, мәдени байланыстар артқан сайын экономикалық тұрақтылық орнайды.
2023-2024 жылдары Алматы Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы ролін атқарады. Бұл ұйымға мүше мемлекеттерде жер шарының 45 пайыз халқы өмір сүреді. Алматы маңында көрікті орындар, тарихи ескерткіштер көп. Жұмысты жолға қойса шетелдік туристердің қатары артатыны анық.
Нұран Ниязәлиев, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары:
- ШЫҰ қазіргі уақытта Қазақстанның төрағалығымен көптеген жұмыстарды атқарып жатыр. Елдер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланысты нығайту, дамыту қолға алынды. Мемлекет басшыларының ортақ шешімімен Алматы қаласы ШЫҰ мәдени және туристік орталығы болып бекітілді. Сондықтан осы жылы Алматыда көптеген мәдени, туристік іс-шаралар өткізіледі, деп ойлаймын.
Бар болғаны 180 мың халқы бар Дуньхуан қаласында туристер аяғы үзілмейді екен. Қаланың терең тарихынан сыр шертетін тарихи жәдігер - Могао үңгірі. Мыңдаған будданың бейнесі таңбаланып, мүсіндері ойылған үңгірдің тарихы 1650 жылдан асады. Ұзындығы екі шақырымға созылған жарда 735 үңгір бар. Одан бөлек қаланың жанындағы құмды қыраттар да туристік орынның бірі.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Дуньхуан қаласын туристік қырынан танымал еткен негізгі жерлердің бірі Минша тауы. Құмды жоталарды өзге алқаптардан айырықша ететін дәл осы ортадағы жарты ай пішіндегі көл. 2 мың жылдан бері ортаймаған көлдің қайдан нәр алатыны әзірге белгісіз. Ал туристер дәл осы көлді өз көзімен көру үшін жан-жақтан ағылып келеді екен.
Дуньхуан қаласына жылына 500 мыңнан астам турист келеді екен. Ауа райының құбылуына байланысты құмдардың да түсі өзгеріп отырады. Мұнда саяхатшылар түйемен серуендеп, көл жағасында суретке түсіп, құмды төбелерден шанамен сырғанай алады. Осылайша, жергілікті кәсіпкерлер табиғаттың сиын кәдеге жаратып, қомақты табыс тауып отыр.
Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев