Алматыда республикалық дирижерлер конкурсы басталды

Алматыда Нұрғиса Тілендиев атындағы Республикалық дирижерлер конкурсы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 күн бойы ел аймақтарынан келген 19 үміткер «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындайды. Өнер мерекесі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өтіп жатыр.

Дирижерлер байқауы Халық қаһарманы, күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйімен ашылды. Асылдың тұяғы, әке мұрасын жалғап келе жатқан Динара Тілендиева өзі де оркестрге дирижерлік етіп, өнер көрсетті. 

Байқауға қатысуға 25 өтінім түскен. Төреші топ 19 үміткерді іріктеп алыпты. Олардың қатарында Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорған, Петропавл, Павлодар өлкесінен келген жас дирижерлар бар. Тілендиевтің ізін жалғаған жас өнерпаздар байқауда «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің сүйемелдеуімен 2 туынды орындауы шарт. Ол үшін 15 минут уақыт беріледі. Байқауды бірінші болып алматылық Азамат Шынаров бастады. Ол Құрманғазының «Машина» күйі мен Мәкәлім Қойшыбаевтың «Қазақстан» туындысын орындады.

Азамат Шынаров, байқауға қатысушы:

- Бұл ұжым өте білікті. Арасында мамандардың барлығы – жоғары білімді әртістер. Оркестр менің сұрағанымды, барлығын бере алды. Әртістер өте кәсіби, мен оркестрдің кері байланыс жасағанына өте риза болдым.

Байқауда дирижерлардың монуалдық техникасы, оркестрмен үндестігі, шығарманың иірімдерін бере білуі сарапқа салынады. Мақсат – еліміздегі дирижерлік мектептің дәстүрлерін сақтау, дамыту, талантты жастарды таныту.

Ақан Әбдуәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Дирижерлік өнер деген – бұл қиын, өте нәзік, еңбекті, үлкен талапты, қажет ететін мамандық, өнер. Сол себептен екінің бірі бұған бара бермейді. Бүгін сол енді байқауға үміткер болып келген барлық қатысушыға сәттілік тілейміз.

Дирижерлер байқауы 22 қыркүйекте қорытындыланады. Жеңімпаздар марапатталып, соңынан гала-концерт береді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов.