Елордада Әкім Таразидің мерейтойына арналған конференция өтті

Қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Әкім Тарази 90 жаста.

Дарынды драматургтың мерейтойына орай елордада «Әкім Тарази әлемі» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ұлттық кітапханада жампоз жазушының жүзден астам кітабы қойылған көрме ұйымдастырылды. Әкім Тарази отандық киноның келісті келбетін қалыптастырған қаламгер. Оның киноленталары да осы көрмеден орын алды. Конференцияда «Әдебиет Әкімінің» шығармалары талқыланып, салған сара жолы, ел өнері мен мәдениетінің дамуы жолында еткен еңбегі сөз болды. Жиында Түркия, Өзбекстан және Мысыр елдерінен келген жазушы-ғалымдар баяндама жасады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хатын жіберді.

Елен Әлімжан, жазушы, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты:

- Кеңестік дәуірдің үлкен полотносын жасай алды Әкім Тарази. Басқа жазушылардан оның ерекшелігі сол. Жазушылықтан бөлек кино саласында жұмыс істеді. Ол кісі сол заманның керемет қаһармандарын көрсете білді. Бұл шара халықаралық деңгейде  өтіп жатқан шара.