«Үркер» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

"Astana Media Week" өз мәресіне жетті.

Отандық және шетелдік медиа-мамандар үш күн бойы тәжірибе алмасып, БАҚ саласы бойынша түрлі тақырыптық сессияларға қатысқан болатын. Бүгін апталықты "Үркер" ұлттық байқауы қорытындылады.

Бүгін елорда төрінде Urker-2023 ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Тамыз айының басынан бастап 4 қыркүйек аралығында 450 өтінім түскен. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл әлдеқайда көп. Әр аталым бойынша 4 номинант. 

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Әр жыл сайын "Үркер" жобасының өз жаңалығы болады. Осы дәстүрден айнымай, биыл да байқауға 3 жаңа номинация қосылып отыр. Олар "үздік подкаст", "үздік халықаралық БАҚ", "үздік Ютьюб арнасы" аталымдары. Біз әрқашанда жаңа медианың дамуына креатив-индустрияның өркендеуіне қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. 

Алғашқы жеңімпаздардың есімі белгілі. "Үздік сұхбат" номинациясы бойынша отандық жаңалықтар порталының қызметкері Лэйла Тастанова жеңді. "Жылдың үздік репортажы" аталымы Қостанай облысындағы өрт салдарын жариялаған Рабиға Дүйсенғұловаға бұйырды. Ал "Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал" бойынша Амангүл Тілейқызы топ жарды.

Амангүл Тілейқызы, "Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал" аталымының жеңімпазы:

- Үйде отырып, тақымын қысып менің тілеуімді тілеп отырған ата-анамның арқасы да деп білемін. Жалпы бұл байқау журналистерді жыл сайын шыңдай түсері анық. Сондықтан да Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдіремін. Рахмет. 

Жаңа аталым "Үздік ютуб-арнасы" бойынша бағын сынап көрген Жазира Байдалы биыл жүлдесіз қалғанына өкінбейді. Мұндай сәттер адамды ынталандырады, қамшылайды, дейді влогер. 

Жазира Байдалы, "Үздік Youtube арнасы" аталымының номинанты:

- Жолдасым екеуміз әлемді аралап, трэвел-блог жасаймыз. Бұл ерекше жанр. Себебі сен жаяу жүресің, ұшасың, пойызға мінесің, қайыққа отырасың, сөйтіп көрген нәрсеңді көрермен сезінсің деп баяндайсың. Біз 4 түрлі техника қолданамыз. Әр түрлі құрлыққа барамыз. Қазақша контент дайындаймыз. Келген соң үйде дыбыстаймыз. Монтаж жасаймыз. 

Бүгін қызыл кілеммен жүріп өткен әр номинат - жеңімпаз. 450 қатысушы арасында оқ бойы озық шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. 

Жадыра Мұратбекова, "Astana Media Week 2023" апталығының қатысушысы:

- Astana Media Week іс-шарасына биыл бірінші рет келіп қатысып тұрмын Семей қаласынан. Осы іс-шараны ұйымдастырушыларға көп рахмет айтқым келеді. Өйткені осы арқылы отандық медианың дамуы, халықаралық сарапшылардың қатысуы, олармен пікір алмасу, питчингтер өтіп жатыр.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- "Үркер" ұлттық байқауы Astana Media Week шеңберінде өтіп жатқан соң, осы жобаның қысқаша хронологиясына тоқталып өтейін. Бірінші күні цифрлық қауіпсіздік, медиа-этика тақырыбында панельдік сессиялар өтсе, екінші күн Диджитал көрмесіне ұласты. Онан соң отандық фильмнің тұсаукесері өтті. Ал бүгінгі үшінші күн баспасөз хатшыларына арналған семинарлар сессиясымен жалғасты. Енді міне ұлттық байқау "Urker-2023"-пен қорытындыланып жатыр.

Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров