Астанада Әкім Таразидің тоқсан жылдығы атап өтілді
Толғауы тоқсан Тарази!
Елордада осындай атаумен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің 90 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Қазақ руханиятына үлес қосқан қаламгерге оқырманның ықыласы ерекше.
«Толғауы тоқсан Тарази» шығармашылық кешінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтой иесіне арналған құттықтау хатты оқып берді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
«Көрікті ойдан нәр алып, кестелі сөзбен өрілген классикалық үлгідегі тартымды туындыларыңызда уақыт өлшемі мен шексіз кеңістікке жаңа тұрғыда зер салатын философиялық ой-толғамдарыңыз өте көп. Қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарыңыздың кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын аудара білдіңіз. Алдағы уақытта да халқымыздың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп, ғибратты ғұмыр кеше беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық және отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін».
Көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек ері Әкім Таразидың шығармашылық кеші қаламгердің сан қырын танып, сырын ұғуға негізделді. Қазақ руханиятына қомақты үлес қосқан асыл сөздің алтын зергеріндей болған жазушының әр салада жазылған туындыларының кейіпкерлері осы кеште ортаға шығып, «сөйледі».
Шерубай Құрманбайұлы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филолог:
- Әкім Тарази Сөздің көркемдігін қуаламай ең алдымен айтайын деген ойдың өзегін жеткізетін және адамның жүрегіне жол табатын, сөйлем мен мәтінді құрай білетін шебер қаламгер.
Мерекелік іс-шараға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі, Сенат және Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері жазушыға жүрекжарды лебізін білдірді.
Бақыт Топтаева