Зайырлы мемлекетімізге жат дүниелерді енгізе беруден аулақ болу керек – А.Миразова

Бір үміт, бір күдік. Жаһандану қазақ қоғамы үшін осындай екіұшты ой салып отыр.

Бүгінгі жасанды, виртуалды әлемде жоғалып кетпеудің жолы қайсы? Ескінің озығын алып, жаңаның көшіне ілесу үшін қайтпек керек?

Ұлттық құндылықтар қашан да қоғам тұрақтылығына қызмет еткені аян. Ал қазіргі зайырлы қазақ қоғамындағы ұлттық құндылықтардың орны мен ролі қандай? Ұрпақтар сабақтастығының негізіне айнала алды ма? Мұндайда батыс мəдениетіне сүйенбей, ұлттық дәстүрін сақтап отырған Жапония дейтін ел есіңе түседі. Иә, ұлттық құндылықтарды өмір салтына енгізген ұлттың – озатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әлемдік озық  үрдістерді игере отырып, оны ұлттық құндылықтармен байытқан қоғамның өсіп-өркендейтіні анық. Ал егер... 

Айнұр Әбдірәсілқызы, ғалым:

- Ал егер қоғамда рухани деградация басталса, яғни әрбір жаңа буын, өзінің алдындағы тәжірибені жоққа шығаратын болса немесе құндылықты тек өзінен бастағысы келсе, ол қоғамдардың барлығында рухани кері кету, яғни деградация болады. Бұл ғасырлар тәжірибесі дәлелдеп қойған дүние. Кез келген буын өткен буынға, өткен заманның құндылықтарына ревизия жасамастан бұрын бұл нәрсені сіңіріп бойына, жақсысын сіңір, мыңжылдық тәжірибені игеріп, содан кейін ғана енді не қалды, енді нені жаңарту керек, жаңғырту керек, тағы не нәрсені үйренуіміз керек, өркениетті елдерден не алуымызға болады деп қарауына болады.

Ұлттық құндылық – ұлттың рухани иммунитеті. Сол себепті әлсіз тұсымызды нығайтып, сана күресінде қабілетімізді күшейтуіміз керек. Біреу сайға, біреу орға тартатын заманда ұлттық құндылықтың құны арта түседі дейді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова. 

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Біз зайырлы мемлекетпіз. Бірақ орынды-орынсыз жерде бұра жара неше түрлі дүниені кіргізуден аулақ болуымыз керек. Өз дінімізді, өз ділімізді, өз салт-дәтүрімізді, өнегемізді, кішіге құрмет, үлкенге ізет білдіретін қасиетімізді жоғалтпауымыз керек.

Ұлттық құндылықтарды қорғау дегеніміз – есік-терезеңді бекітіп, тас түнекте отыру емес. Ол анық сипатқа ие болып, қоғам өмірінің әр саласынан көрініс табуға тиіс. Бұл ретте отандық дизайнерлерге, кәсіпкерлерге, ұлттық өнімдерді жан-жақты насихаттап жүрген азаматтарға айтылар алғыс шексіз. Әлеуметке әсері бар, уақыт өте келе жемісін беретін жобалар - ұлттық бірігейлігіміздің сақтаушысы. 

Айнұр Әбдірәсілқызы, ғалым:

- Экономикалық тұрғыда ұлттық құндылықтарымыз жақсы жаңғырып жатыр деп айта аламыз. Ол киімдерімізді қайта жаңғыртудан басталады, ұлттық тағамдардан да байқалады, ол тіпті ыдыстарымыздан да байқалады, әшекейлерден де, сурет өнерінде жақсы байқалады. / Сондықтан жаңғырмай жатыр мүлде деуге болмайды. Бірақ, стихиялы түрде. Шашыраңқы түрде жаңғырып жатыр. Ал мұны тұтастай елдік бағдарламаға айналдыру үшін міндеттеу керек. Елдің өміріне енгізу керек. Ал елдің өміріне енгізу тек мемлекеттік деңгейде бағдарлама қабылдау арқылы болады.

Қуандық Танабас, тілші:

- Кейінде ұлттық нақыштарымызды айшықтайтың осындай дүниелер пайда болды. Қабырғадағы осы суреттерге қарап, қазақ ұлтының қадір-қасиетін түсінуге болады. Бұл да ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бір жолы.

Ата-бабадан қалған мәдени мұраны заман талабына сай жаңғыртуға Ұлттық құрылтайда Президенттің өзі шақырды. Өзге елдерде тарих пен мәдениетті, ұлттық брендті насихаттайтын арнайы ұйымдар бар. Бұл өз кезегінде мемлекеттің жағымды иминджін қалыптастырады.  

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ұлттық құндылығымыз, ұғымымызды кез-келген дүниемен байланыстыра беруіміз керек. Ол біздің ұлттық нышанымыз болуы мүмкін, ол біздің ою-өрнегіміз болуы мүмкін, ол біздің ұлттық киіміміз болуы мүмкін. Оны кез-келген салада ақырын енгізе беру керек.  Спортта боламыз ба, киімімізде қандай да бір өзгешелік болуы керек. Ұлттық нақышымыз болсын, жұмысқа киім киеміз бе, онда міндетті түрде бір атрибутика болсын. Кез келген салада осы дүниені ақырын-ақырын енгізе беруіміз керек.

Ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – парыз. Өйткенісалт-дәстүр, діліміз бен тіліміз мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Ал осынау құндылықтарымызды дәріптеу басты құндылық – тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түседі.

Қуандық Танабас, Арман Ақшабаев