Қызылорда облысында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр
Қызылорда облысында «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтіп жатыр.
Үш жылда бір рет ұйымдастырылатын шараға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Саха, Тыва Республикасының дәстүрлі өнерпаздары келген. Ал қабылдаушы тарап қазақ елі 200-ге тарта өнер ұжымы мен күйші-жыршысын қосқан.
Түркі тілдес халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, Қорқыт баба мұраларын насихаттауға бағытталған шара биыл 6-рет ұйымдастырылып отыр. Фестиваль меймандары алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тұран таңбалары» этно-археологиялық көрмесінде аймақтың қалыптасу тарихымен танысты. Одан кейін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының 30 жылдығына арналған «Түркі әлемінің бірлігі» атты кітап көрмесін де тамашалады. Түркі мәдениетінің жауһары төгілген фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Сыр өңіріндегі мәдени жетістіктерді айырықша атап өтті.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр іске қосылды. Жастар театры өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылды. Облыс орталығында құны 3 млрд 700 млн тг болатын мың орындық өнер ордасы салынуда. Өңірде классикалық музыканы дамыту мақсатында симфониялық оркестр құрылды. Бұл игі істер облыстың құрылғанына 85 жыл мерейтойына тұрғындарға, мәдениет пен өнер өкілдеріне жанашыш азаматтардың тартуы деп білеміз.
Түбі бір туысқан елдердің өнерпаздары ұлттық нақыштағы ән-жырларын паш етілген концертте Қорқыт ата мұраларын әлемдік деңгейде насихаттаушылар өнер көрсетті. Өнерсүйер қауым ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған әсем әндерден ерекше әсер алды.
БЛИЦ:
- Қорқыт ата қобызының үні арқылы әр заманда жыраулар, ақындар, шайырлар Қорқыт мұраларын өзінше бір ерекшелендіріп бүгінгі ұрпаққа жеткізді.
- Жастар бұл фестивальдің әрмен қарай тіпті ерекшеленіп дамитынын күтеді.
- Ең жақсы жері көп өлкелерден шығармашылық достықты бекемдеуге, мәмілелерін жақсартуға көмек көрсетеді.
- Фестиваль өте ұнады.
«Қорқыт және Ұлы Дала сазы» өнер фестивалі күллі түркіге ортақ абыздың мәңгілік мекенін тапқан Қармақшы ауданында гала-концертпен қорытындыланады.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев