Алматыда Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына конференция өтті
Бүгін қазақтың үш алыбы - заманның заңғар жазушысы атанған Мұхтар Әуезов, жалпақ ел "Шерағаң" атаған Шерхан Мұртаза және "Алтайдың Кербұғысы" атанған Оралхан Бөкейдің туған күні.
Бірі әдебиеттегі алыптар тобының алды болса, қалған екеуі бірінен соң бірі сол жолды жалғаған классиктер. Кішісінің өзі көзі тірі болғанда 80-нің сеңгіріне шығар еді. Атаулы мерейтой қаламгердің туған жері Қатонқарағайдан бастау алып, Республика көлемінде аталып жатыр. Бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты конференция өтті. Оралхан Бөкей қазақ әдебиетінде «Қар қызы», «Кербұғы», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Атау кере», «Құм мінезі» сияқты өміршең шығармалар жазып қалдырды. Жиында қаламгердің үзеңгілестері мен ізбасарлары Оралхан Бөкей туралы естеліктерімен бөлісті. Конференция аясында жазушының шығармалары негізінде салынған сурет көрмесі ұсынылды. Ал 30 қыркүйек күні Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жазушының мерейтойына арналған аламан айтыс өтеді.
Әлібек Қаңтарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиал төрағасы:
- Оралхан 60-жылдардың екінші жартысында қазақ журналистикасында, қазақтың көркем әдебиетінде де төңкеріс жасаған адам. Мүлдем жаңа бағытқа бет бұрғызған адам. Журналистика сол кезде таптаурын сүрлеуден шыға алмай жатқан кез, бауырын сыздан көтере алмай жатқан көркем әдебиетіміз. Соларға келіп революция жасады. Бұл тума талант. Біздің мақтанымыз.